Эталон маркалы мұнай бағасы арзандады

1013

Мұнай бағасы төрт күн қатарынан арзандап, соңғы бес аптадағы ең ұзақ құлдырау болды. 

Эталон маркалы мұнай бағасы арзандады

Сауда соғысының өршуі онсыз да қиын жағдайды бастан кешіріп отырған әлемдік сұранысқа кері әсерін тигізді.

Естеріңізге сала кетейік, 23 тамызда Қытай құны 75 млрд доллар тұратын америкалық тауарларға баж салығын жариялаған болатын. Бұған жауап ретінде Ақ үй басшысы 1 қазаннан бастап 250 млрд доллар тұратын қытайлық тауарларға салынған салықты 25 %-дан 30 %-ға көтеретінін мәлім етті.  

Bloomberg агенттігінің дерегі бойынша, Лондондағы ICE Futures биржасында 2019 жылдың қазанындағы жеткізіліммен Brent сұрыпты мұнай фьючерсі 0.8 %-ға арзандап, баррелі 58,89 доллар болды. Ал Лондон және Нью-Йорк биржаларында қыркүйектегі жеткізіліммен, электрондық сауда барысында WTI маркалы жеңіл мұнай фьючерстері 1%-ға төмендеп , барреліне 53,65 долларды құрады.

Ресми Бейжің 1 қыркүйектен бастап америкалық мұнай импортына 5 пайыздық салық енгізеді. АҚШ мұнайының негізгі сатып алушысы саналатын Қытай сауда текетіресі басталғалы бері "қара алтын" жеткізілімін шектей бастады. 

Ақ үйдегі екі лауазымды тұлғаның айтуынша, Трамп америкалық компанияларды Қытайдан кетуге мәжбүрлей алады. Бірақ бірқатар сарапшы басқа пікірде. 
OCBC сингапурлық қаржы компаниясының өкілі Хоуи Лидің айтуынша, егер америкалық компаниялар Қытайдан кетсе, онда протекционистік саясат күшейіп, жаһандану үрдісі бәсеңдеуі мүмкін. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу