Facebook компаниясы Libra деп аталатын криптовалютасын 2021 жылдың қаңтар айында айналымға жібереді.
Ресми дерек бойынша, оны іске қосу форматы шектеулі болады. Бұрын компания криптовалютаның бірнеше түрін шығаруды жоспарлаған еді. Әзірге долларға тәуелді криптовалюта айналымға енгізілмек. Оның қашан шығатыны швейцарлық қаржы реттеушісімен арадағы келісімнен кейін жарияланады.
Еске сала кетсек, Facebook криптовалютаға қатысты жоспарын 2019 жылдың маусым айында мәлім еткен болатын. Жаңа валютаның жұмыс істеуі процесі блокчейн технологиясына, яғни ақпарат сақтау құрылғылары жалпы серверге қосылмаған әрі орталықтандырылмаған дерекқорға негізделмек.
АҚШ билігі валютаның сенімділігіне алаңдаушылық білдірсе, G7 тобының қаржы министрлері Libra валютасы халықаралық валюта жүйесінің жұмысына кері әсерін тигізеді деген пікірде.
Табиғат Нұрболат
Фото: yahoo.com