Фитобизнеспен де пайдаға кенелуге болады

653

Павлодар облысында дәрілік шөптерді жинау арқылы пайда табуға мүмкіндік зор. Өйткені, өңірде құрамында емдік қасиеті бар өсімдіктердің 200-ге жуық түрі өседі. 

Фитобизнеспен де пайдаға кенелуге болады Фото: Baribar.kz

Жергілікті ғалымдар оларға химиялық және фармакологиялық зерттеу жасап, потенциалын анықтады. Сол себепті, өңірлік палата кәсіпкерлерге осы саланы дамытуды ұсынып отыр. 

Павлодар облысында дәрілік шөптердің 192 түрі өседі. Олардың басым бөлігі яғни, 115 түрі бір ғана Железин ауданында жайқалып тұр. Ал, табиғаты әсем Баянауылда 50 түрі бар. Биология ғылымдарының профессоры Виктор Камкин, соңғы үш жылдан бері осы жабайы өсімдіктердің химиялық және фармакологиялық құрамын зерттеп жүр. Солардың бірі халық арасында "Иван шай" аталып кеткен отты шөп. 

"Біз ол өсімдікті коронавирус инфекциясын емдеуге леспе дәрі ретінде клиникалық зерттеуге алуды ұсынамыз. Отты шөп ең бірінші адамның иммунитетін көтереді, қанды сұйылтып жүйкені тыныштандырады. Сонымен қатар, артериялық гипертонияға ем. Демек, отты шөптің коронавирус инфекциясын жойып жібермесе де оның жұғуына жол бермейді және жеңіл өтуіне ықпал етеді", дейді Биология ғылымдарының кандидаты, профессор Виктор Камкин.

Кереку жерінің биоалуандылығы дәрілік өсімдіктер шаруашылығын дамытуға қолайлы. Оның үстіне, өңірде емдік қасиеті бар шөптердің көп жылдық қоры барын мамандар анықтап отыр. Сол себепті жергілікті бизнес қауымдастыққа осы саланы дамыту ұсынылуда. Әсіресе, ауылдағы егін шаруашылығымен айналысатындарға қосымша кәсіп ретінде қолдануға болады. 

"Дәрілік құны бар өсімдіктер олар жаңағы біздің жерде жәйдан жәй өсіп жатыр. Оларға ешқандай ерекше күтіп керек емес. Осы өзіміздің жерде өздері өсіп жатыр. Сол себептен жаңағы кәсіпкерлер өз жерлерінде өсіп жатқан дәрілік құны бар өсімдіктерді жинап оны фармкомпанияларға тапсыруға мүмкіндіктері бар", дейді Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мүбәрак Жақыпов.

Бір айта кетерлігі, Өзбекстан елінде дәрілік шөптер мен олардың тамырларын жинау дұрыс жолға қойылған. 2017 жылдан бері ала шапанды ағайындар жеті бірдей фармацевтикалық арнайы экономикалық аймақ құрды. Олар бізге де экспорттап отыр. Өкініштісі, біздің елде тәжірибе жоқ. Әйтпесе, Қазақстан нарығын отандық шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік жеткілікті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу