Германиядан келген сарапшылар тобы "Қазақстандағы өндірістерде инновациялар баяу енгізіледі" деген алдын ала қорытындыға келіп отыр. Дегенмен, бірнеше ортақ жобаны іске асыруға мүдделі, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР тұңғыш президенті жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Маxмұт Томановтың айтуынша, ортақ жобаларға неміс сарапшыларының өздері тапсырыс беріп отыр.
"Қазіргі кезде әріптестеріміз ол жобалардың мән-мағынасын айтпауға өтініш жасады. Әзірше, ол - құпия ақпарат. Олар үш жобаға тапсырыс берді. Біз ол жұмысты бірлесіп атқарамыз. Бәлкім, ортақ бастамамызды Германияда іске асырады, я болмаса, Қазақстанда енгізеді. Дәл қазір дөп басып, айту қиын. Алайда бір нәрсе анық, неміс сарапшылары жайдан-жай келмейді. Олардың арғы жағында ірі инвестициялар жатыр", - дейді Томанов.
Қазақстанға келген неміс сарапшыларының ішінде Фраунгофер атындағы институттың өкілдері бар. Олар автоматизация, өндірісті басқару мен инновацияларды зерттеумен айналысады. Айта кетейік, Қазақстанда бүгінде университеттен келген жас мамандар өндіріске ұзақ бейімделеді.
"Қазіргі кезде универсиеттердің барлығы дерлік индустрияға қажет, ал, ең бастысы, соған сай мамандарды дайындап жатыр деп айтуға болмайды. Индустрияның өзі нақты бір мамандарды қаласа да, бүгінгі оқу бағдарламалары ондай қызметкерлерді даярлауға сай келмейді. Бір сөзбен айтқанда, ескіріп қалған. Осының салдарынан өндіріске келетін бакалавр маманы тағы бес жылдай бейімделеді. Демек, төрт жыл оқиды, бес жылын тағы бейімделуге кетіреді. Сөйтіп, бақандай тоғыз жылдан кейін бір нәрсені істей бастайды. Бұл - тым ұзақ процес. Қазіргі нарық заманы ондайды көтермейді", - дейді Томанов.