Ғылымды "қақпайтын" басшыларға ғылыми еңбек ертегідей көрінеді

Кез келген сала ғылыми зерттеу мен көпжылдық тәжірибені қажет етеді.  Яғни, ғалым мықты болса, мемлекет те қуатты болмақ.  

Ғылымды "қақпайтын" басшыларға ғылыми еңбек ертегідей көрінеді Фото: primeminister.kz

Inbusiness.kz сайтының тілшісі бірнеше қызылордалық ғалымды әңгімеге тартып, елдегі су тасқынына қатысты ойын білген еді. 

Филология ғылымдарының кандидаты, журналист Нұрлан Көбегенұлы ғылым қызметкерлері осыған дейін өңірлерде атаусыз қалғанын айтып отыр. Ол жергілікті билік ғалымдарын еш керек етпегеніне налиды.

- Қоғам алға қарай дамуы үшін қай салада да ғылымның орны ерекше. Бірақ ғылым қызметкерлерінің күні осыған дейін өңірлерде атаусыз қалды, ғалымдарды елемеді, құрмет көрсетілмеді. Себебі, олардың ғылыми еңбектерін өндірісте пайдаланбады, ғылымды "қақпайтын" басшыларға олардың ғылыми еңбегі ертегідей көрінді. Тек жоғары оқу орындары ғана өз ғалымдарының еңбегін елеп, марапаттап жатты. Былайша айтқанда, жергілікті билік ғылымды керек етпеді. Себебі бюджеттен мол қаржы бөлінсе болды, мәселенің бәрі сонымен шешіледі деп таяз ойлады.
Бүгінде жер-жерлерде болып жатқан су тасқынында да бюджет қаржысының тек үй салып берумен шектеле алатынын, ал ғылымды іске қосқанда апаттың алдын алуға болатынын енді сезініп отырмыз, - дейді ол.

Саяси ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Мұрат Насимов "еліміз ғылымның пайдасын әлі пайдалана алмай отыр" деген пікірде. 

- Әрине, ғылымның күшін техногендік және табиғи апаттарды болжау, салдарын азайту және климаттың өзгеруімен күресу үшін пайдалануда маңызды. Болжау тұрғысынан алғанда, метеорология, сейсмология және климатология сияқты салалардағы жетістіктер дауыл, жер сілкінісі, цунами және экстремалды ауа райы оқиғаларын жоғары дәлдікпен анықтауға мүмкіндік береді. Бұл дайындықты жақсарту, ертерек ескерту және эвакуациялау жоспарларын жасауға, азаматтардың өмірін сақтап қалуға және залалды азайтуға мүмкіндіктер туғызады. Сонымен қатар, ғылым бұл апаттардың табиғи құбылыстардан ба, әлде адам әрекеті себептерінен бе екенін анықтауда шешуші рөл атқарады, - деді ол. 

Білімді жастардың өзге мемлекетте оқығысы келетіні, керек болса сондағы алпауыт компанияларда жұмыс істегісі келетіні өтірік емес. Мамандар ғылымға сеніп, сүйеніп іс қылатын уақыт жетті деп есептейді. 

- Бұған дейін ғылымды ысырып қойып, әркім өзінше әрекет еткен-ді. Жас ғалымдардың ғылыми жаңалығына назар аударылмады, олардың меселі қайтып, шетелге кетіп жатқандары да жоқ емес. Енді ғылымға сүйеніп, іс қылатын кез келді. Жергілікті билік бұл істе жолбасшы болуы тиіс. Биыл соның басы басталған секілді. Әлбетте, ғалымдарға құрмет деп есептейік, бірақ ол алғыс хат таратумен шешілмейтіні анық. Ғылымды дамыту үшін белгілі бір мөлшерде грант бөлініп жатса, оның жөні бөлек. Мысалы, күріш егуден мол өнім алу бойынша ғылыми еңбегі үшін ғалымдарға қаржы бөлінсе, пайдалы болар еді. Өткен жылдары "жергілікті өнім – қауыннан чипсы шығардық" деп, "шапкамызды" аспанға аттық. Бірақ басталған жұмыс аяқсыз қалды. Себебін сұрасақ, жергілікті билік қолдамаған.

Көптен бері қозғалмай келе жатқан тақырыпты ғылым қызметкерлері күнінде президенттің өзі айтқаны ғалымдарды демеу, қолдау болды. Енді іске білек сыбана кірісу керек. Сыналатын шақ та алда, - дейді Нұрлан Көбегенұлы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу