"Икемді жұмыс уақыты" туралы не білеміз?

444

Мемлекеттік қызметшілердің үстеме жұмыстары үнемі ескеріле ме?     

"Икемді жұмыс уақыты" туралы не білеміз? Фото: gov.kz

Мемлекеттік қызметшілердің белгіленген уақыттан артық жұмыс істеуі үшін арнайы акт жасалуы керек, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Бұл ережені барлығы бірдей біле бермейді. Білсе де басшылықпен арадағы "жылы қатынасты" бұзбау үшін үнсіз қалады. Бұған мысал да көп. Тек Ақтөбе облысында жиырмадан аса қызметкер ешқандай құжатсыз артық уақыт жұмыс істеген. Оны арнайы жүргізілген мониторинг барысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілдері анықтады. Қызметкерге артылатын қосымша жұмыс тәулігіне 2, жылына 120 сағаттан аспауы тиіс. Әр қосымша жұмыс сағаты үшін маман бір жарым мөлшерлеме көлемінде ақы алуға құқылы. Егер қызметкердің жұмысқа уақытында келе алмауына дәлелді себебі болса, икемді жұмыс уақытын пайдалануына болады. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі "Мемлекеттік қызметшілер үшін қашықтықтан жұмысты, аралас қашықтықтан жұмысты, икемді жұмыс уақыты режимінде жұмыс істеуді қолдану қағидаларын бекіту туралы" бұйрықты 2023 жылдың мамырында бекіткен еді. Жеңілдікті негізінен кішкентай балалары бар қызметкерлер қолдана алады.

"Мемлекеттік қызметшілерге  балаларын балабақшаға апару кезінде уақыт жетпей жатады. Оларға жұмыс берушінің келісімімен икемді жұмыс уақыты белгіленеді. Бұл мүмкіндікті пайдаланған қызметкер де 8 сағат жұмыс істейді.Бірақ, оның түскі үзіліс уақыты қысқаруы мүмкін немесе жұмыстың басталу уақыты мен аяқталу уақытында айырмашылық болуы мүмкін", - дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Ақтөбе облыстық департаментінің бас маманы Гүлхан Сисенбина.

Егер арнайы акт жасалмай, қызметкер белгіленген уақыттан артық жұмыс істесе мекеме басшысына ескерту беріледі. Жағдай бір жыл ішінде екінші рет қайталанса, ол басшы өз қалтасынан 40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді.

"Күнделікті белгіленген уақыттан артық жұмыс істеуі үшін қызметкердің жазбаша келісімі болуы керек. Басшылық төтенше жағдайлардан басқа кезеңде мұндай құжатсыз ешкімді де жұмсай алмайды. Ал, жүкті әйелдер мен мүгедектердің артық жұмыс істеуіне онсыз да болмайды", -  дейді департамент мамандары.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу