Америкалық миллиардер Илон Маск Twitter әлеуметтік желісінен уақытша бас тартты.
Бұл туралы ол осы әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
"Мен Twitter-ді біраз уақыт пайдаланбаймын", – деп жазылған соңғы хабарламасында. Маск не себепті мұндай қадамға барғанын ашып айтпады.
Негізі, миллиардердің Twitter-дегі мәлімдемелері нарыққа айтарлықтай әсерін тигізеді. Мысалы, өткен аптада ол Twitter-дегі жазбасына "bitcoin" деген хэштегті қосқан еді. Сол бойда криптовалютаның бағасы 16%-ға көтеріліп кетті.
Америкалық Twitter Inc. компаниясы 2006 жылы құрылған болатын. Корпорацияның негізгі өнімі – қысқа хабарламалар алмасуға арналған әлеуметтік желі. Оның штаб-пәтері Калифорния штатындағы Сан-Франциско қаласында орналасқан.
Табиғат Нұрболат