Интернет жылдамдығын азайтуға немесе жауып тастауға болады – депутат "Сарым мен Закиева заңы" туралы

941

Ел ішінде "Сарым-Закиева заңы" аталған даулы заң жобасы бойынша сенат депутаттары парламент кулуарында журналистерге интервью берді. "Әлеуметтік желі сіздер арыз түсірген контентті 24 сағат ішінде өшірмесе қандай шара қолданылады?" деген сауал қойылды оларға.

Интернет жылдамдығын азайтуға немесе жауып тастауға болады – депутат "Сарым мен Закиева заңы" туралы

"Оларға айыппұл сала алмаймыз. Бірақ (кибербуллинг белгісі бар контентті) өшіруге тиіс. Келісім жүріп жатыр. Ары қарай қалай болатынын көреміз. Алты ай мұрсат беріледі ғой. Егер өшірмесе, кибербуллинг оқиғасы қоғамда керемет қиын жағдай туғызып, ата-аналарға қатты әсер етсе, онда техникалық жағынан интернет ресурстың жылдамдығын азайту немесе толық жауып тастауға болады. Мемлекеттік техникалық қызметкерлер бар. Егер әлеуметтік желі бізбен ерегісіп, анық кибербуллинг фактісі бар контентті өшірмесе, біздің қоғамның ішкі идеологиясына қатты әсер етсе, тілімізді алмаса, халықаралық сот бар, соттасуға болады", - дейді депутат Бейбіт Исабаев.

Ол фейсбук, инстаграм және тик-ток желілері Қазақстанмен жұмыс істейтін өкілін тағайындауға әзір деп сендіреді. 

"Дәл балаларға буллинг жасау мәселесіне келгенде әлеуметтік желілер түсіністік танытып отыр", - дейді депутат.

Айта  кетейік, баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша заң жобасы сенаттан мәжіліске қайтарылды 

Заң жобасының ішіндегі әлеуметтік желіге қатысты нормаға қоғам белсенділері наразы. "Билік әлеуметтік желіні бұғаттауға сылтау таба алмай отыр" деп күдіктенеді.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу