2 мыңға жуық адамның кредиттік тарихы ипотекамен басталды

1022

Жылжымайтын мүлік үшін қарыз алатындардың шамамен 40%-ы – алматылықтар.

2 мыңға жуық адамның кредиттік тарихы ипотекамен басталды

Осы жылдың бірінші жартыжылдығында елімізде 33 071 ипотекалық қарыз берілген екен. Бұл 1 907 қарыз алушы үшін алғашқы кредит болып отыр. Демек, ипотека екі мыңға жуық тұрғынды "кредиттік пәктігінен" айырды деген сөз.

Бірінші кредиттік бюро сарапшыларының пікірінше, ипотекалық несиелеу сегментінде жаңа қарыз алушылар саны тұрақты өсіп келеді. Бұған әсер етіп отырған екі фактор бар көрінеді. Біріншісі – ипотекалық несие талаптарының жақсарып, әлдеқайда тиімді бола түсуі. Екіншісі – тұрғын үйге деген сұранысты артуы.

"Бүгінде банктер кредиттік тарихы болмаса да, ай сайын төлем жасауға қабілетті қазақстандықтарға қатысты оң шешім қабылдай алады", – дейді Бірінші кредиттік бюроның бизнесті дамыту жөніндегі директоры Әсем Нұрғалиева.

2018 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша, ипотекалық қарыздың қоржыны шамамен 1,4 трлн теңгені құраған. Әсем Нұрғалиеваның дерегінше, шетелдік валютамен рәсімделген ипотеканың үлесі азайып келеді. Мәселен, 2015 жылы ипотекалық қарыз қоржынындағы шетелдік валютаның үлесі 30,5%-ды құраса, ал қазір 11,7%-ға тең.

"Ипотекалық қарыз беру былтырғы жылмен салыстырғанда 1,5 есе ұлғайды. 2017 жылдың екінші тоқсанында 64,3 млрд теңге қарыз берілді. 2018 жылдың екінші тоқсанында бұл көрсеткіш 92,5 млрд теңгені құрады. Проблемалық қарыздардың (NPL) үлесі – 15,6%", – дейді Әсем Нұрғалиева.

Бірінші кредиттік бюроның дерегінше, ипотекалық қарыз қоржынының шамамен 40%-ы Алматы қаласына тиесілі. Дегенмен, өткен жылдың соңынан бастап Астанада ипотекалық қарыз беру айтарлықтай өскен. Жалпы, соңғы 12 айда Астанада 66,4 млрд теңге, ал Алматыда 38,8 млрд теңге қарыз берілген.

Қазақстандағы ипотекалық кредиттің орташа сомасы – 6,2 млн теңге. Ал Алматы қаласы бойынша кредиттің орташа сомасы 13,1 млн теңгені құрап отыр. Ал Астанада 8,5 млн теңгеге тең.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу