ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Орталық Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте саланы дамытудың кешенді жоспарына тоқталды. Оның сөзінше 2023 жылдың соңына қарай ішкі нарықты негізгі тамақ өнімдерімен толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін негізгі бағдарламалар айқындалады.
"Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша ішкі нарықты азық-түлік өнімдерімен молықтыру жөніндегі кешенді жоспардың жобасы бір ай мерзімде мемлекеттік органдармен келісіліп, Үкіметке бекітуге жіберіледі", - деді Сарапхан Омаров.
Министр кешенді жоспардың көмегімен ауылдардағы 1 млн тұрғынның табысын арттырып, еңбек өнімділігін 2,5 есе жоғарылату жоспарланғанын айтады. Алға қойылған мақсаттардың қатарында өңделген агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспортын 2 есеге ұлғайту да бар.
"Бұл міндеттерді іске асыру үшін қолжетімді қаржыландыру, жер қатынастары, аграрлық ғылымды дамыту, саланы цифрландыру, ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері, шикізаттың ғана емес, оның өңделген өнімдерінің де экспорттық әлеуетін дамыту мәселелері пысықталады. Осы бағдарламалық құжатты әзірлеуге беделді Халықаралық азық-түлік ұйымы – ФАО тартылды", - деді министр.
Қазіргі уақытта Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың кешенді жоспарын әзірлеу бойынша жұмыс тобы құрылған. 2022-2026 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның жобасы әзірленгеннен кейін жұмыс тобының құрамы кеңейтіліп, кеңінен талқылау жүргізіледі.
Құралай Құдайберген