Қайта оралған депутаттар: парламент қаншалықты жаңарды?

919

Бүгін мәжілісмендердің толық тізімі жарияланды. 

Қайта оралған депутаттар: парламент қаншалықты жаңарды? Фото: inform.kz

Оған қарап, "Парламент түбегейлі, 100 пайыз жаңарды" деу қиын. Өйткені, кеткен 25 депутат 2 айлық үзілістен соң жылы креслосына қайта оралды. Қатарында осымен орнын 11 жылдай босатпай жүрген "Ақжол" партиясының төрағасы Азат Перуашев та бар. Ирина Смирнова да төменгі палатаға мызғымастай жайғасқанға ұқсайды. Тікелей эфирде түкіремін деп танылған Саиров пен саяси ұстанымын ауыстырғыш Сарымның да асығы алшысынан түсті. 

Ақын, блогер, журналист, спортшы... Енді олар білдей Парламенттегі депутаттар. Куәлігін алғандардың кеудесін қуаныш кернеп, әлсін-әлсін камераға көрсетіп қояды. Табысталған төсбелгіні де түсіп қалмасын дегендей, бір-біріне мықтап тағып беріп жатыр. 

Сонымен, Мәжіліс төріне ескі де жаңа 98 депутат жайғасты. Оның үштен екісі аты ауысса да әлі өзін билеуші партия ретінде танытып отырған Аманатқа тиесілі. Қалғандарынікі саусақпен санарлық қана. Жаңа құрамның 17-сі мұғалім, 16-сы экономист, 15-і заңгер. Қатарында 5 журналист, ақын мен актер да бар. 

"Бұрын елге танымал өнер адамдары, журналистер, блогерлер танымал болып, билікке қарсы сын айтты, балама пікір білдірді. Енді олар бір партияның өкілдері. Яғни партияның қабылданған шешімдеріне қарсы шыға алмайды. Егер қарсы шықса, сол күні олардан депутаттық мандатын тартып алады. Сондықтан, меніңше ол жігіттер 7 өлшеп бір кескен шығар. Бәлкім партия ішінде белгілі бір келісімдер болған шығар. Әйтпесе, тағы да қайталап айтам, бұл Парламентте өте қиын шешімдер қабылдануға тиіс", дейді Саясаткер Әміржан Қосанов.

Бұл жолы да жылы орнын қимай, қайта келгендері де жоқ емес. 7-ші шақырылымның 25 депутаты партиялық тізіммен төменгі палатадағы креслосына қайта жайғасты. 11 жылдан бері жылы орнын суытпаған Азат Перуашев, 2 шақырылым қатарынан Парламент қабырғасында отырған Ирина Смирнова мен Президенттікке тұңғыш кандидат әйел Дания Еспаева да қайта сайланып отыр. Бұл тізімде тікелей эфирде түкіремін деп танымал болған Ерлан Саиров пен саяси ұстанымын ауыстырып тұратын саясаттанушы Айдос Сарым да бар. Айтпақшы, Президент сайлауында сағы сынғандардың, Парламентте бағы жанды. Бір емес, үш кандидат Мәжіліс депутаты болып шыға келді. Өткен сайлаудағы оппанентімен бірге бір фракцияда да отыратындар бар. 

"Осындай маңызды органға депутаттар ұсынып отырған партиялар әрине ұсынған тізімдерінде көбіне көп жаңа есімдерді алға шығаруы керек еді. 2011-2012-2016 жылдардан бері депутат болып келе жатқан, халықтың алдында әбден көзге жауыр болған белгілі бір азаматтардың қайта барып жатқаны бұл өкінішті жағдай және бұл партияларға ұпай бермейтін көрініс деп айтар едім. Соңғы президенттік сайлауда президент бола алмай қалған кандидаттың мәжіліске өтуі алдын ала жоспарланған немесе алдын ала жасалған деп топшылауға болады", дейді Саяси сарапшы Нұргелді Әбдіғаниұлы.

Сарапшылар бұл мәжілісмендерге ауыр жүк артылып отырғанын айтады.   

"Бұл парламент өте қиын жағдайда болады. Өйткені халықтың жағдайы қиын, тұрмысы төмендеп бара жатыр, экономикамыз тұйыққа тірелген сияқты. Сыртқы-ішкі қауіптер бар. Қазіргі Үкімет өзінің деңгейін көрсетіп қалды.Сондықтан, қазіргі парламент ертең бекітілетін үкімет олар саяси комметация. Олар енді тек қана халыққа жағатын заң қабылдай берсе, біздің экономикамыз құрдымға кетуі мүмкін", дейді Саясаткер Әміржан Қосанов. 

Ендігі көпті толғандырып отырған сұрақ: елде президенттен кейінгі үшінші адам кім болады? Жаңа құрамда кім лайықты? Сарапшылардың сөзінше, сайланған депутаттардың ішінде спикер болуға лайықтары жетерлік. Десе де, біразы Ерлан Қошанов Мәжілістің төрағасы болып қайта тағайындалады деп топшылап отыр. Не де болса 8-ші шақырылым депутаттары ертең алғашқы отырысын өткізеді. Саяси жауырыншылар жорамалының қаншалықты орындалатыны сол, Тоқаев қатысатын жиыннан кейін белгілі болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу