Канадада оқыған қыз туған ауылында сабақ береді

968

"Болашақ" бағдарламасының түлегі Канада мен Комсомольское ауылын байланыстырды  

Канадада оқыған қыз туған ауылында сабақ береді

Осыдан 28 жыл бұрын еліміздің Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қаулысымен ел экономикасының басым секторына кадр даярлау үшін "Болашақ" халықаралық стипендиясы тағайындалды. 

Бір жылдан соң бір топ қазақстандық студент шет мемлекетке оқуға аттанды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Болашақ" бағдарламасы дамудың бірнеше сатысынан өтті. 1994-2004 жылдары 785 қазақстандық әлемнің 13 елінде мемлекет есебінен білім алды. 2005-2007 жылдар аралығында стипендия саны 3 мыңға ұлғайтылды. 2005 жылы "Болашақ" халықаралық стипендиясына конкурс өткізуді ұйымдастыру үшін ҚР үкіметінің қаулысымен "Халықаралық бағдарламалар орталығы" акционерлік қоғамы құрылды. 2008-2010 жылдары ауыл жастарына, педагогтарға, мемлекеттік және ғылыми қызметкерлерге 1 жыл шетелде тағлымдамадан өту мүмкіндігі берілді. 2011-2013 жылдары бакалавриат бағдарламасының күші жойылып, қолданысқа кадрларды іріктеу мен даярлаудың бағдарламалық-нысаналы әдісі, медициналық және инженерлік-техникалық қызметкерлерге арналған тағлымдама бағдарламасы енгізілді. 2017-2018 жылдары стипендиаттарды оқыту үшін жоғары оқу орындарының тізіміне әлемнің озық университеттері қосылды.

"Халықаралық бағдарламалар орталығының" дерегінше, түлектердің 40%-дан астамы экономиканың шынайы секторында, 20% білім және ғылым саласында, 7%-дан астамы медицина мен денсаулық сақтау саласында жұмыс істейді. Ал төрттен бірі ірі компаниялар мен мемлекеттік ұйымдардың топ-менеджері болып қызмет етеді.

Олардың арасында ауыл мектебінде мұғалім болып жұмыс істеп жүрген де бар. Солардың бірі – Канаданың Калгари университетінде білім алған Диана Момбаева. Қазір ол Қостанай облысының Комсомольское ауылындағы мектепте сабақ береді.

"Канадада оқып жүрген кезімде волонтерлік қызметпен айналыстым. Сол кезде өзіме "Ауылым үшін не істей аламын" деген сұрақ қоятынмын. Уақыт өте келе бұл сұраққа жауап тауып, оқуымды аяқтаған соң, туған ауылыма оралуға бел будым. Қазір тарих пәнінен сабақ беремін, сонымен қатар мектеп директорының орынбасары қызметін атқарамын", – деді "Болашақ" бағдарламасының түлегі Диана Момбаева.

Қанат Махамбет
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу