Қаңтар оқиғасы мен Украинадағы жағдай: аумақтық қорғаныс күшейтілмек

424

Қорғаныс министрлігі аумақтық қорғанысқа арналған заңға бірқатар өзгерту мен толықтыру енгізбекші.

Қаңтар оқиғасы мен Украинадағы жағдай: аумақтық қорғаныс күшейтілмек Фото: gov.kz

Нақты айтқанда, соғыс жағдайында немесе төтенше жағдай уақытында әр азаматтың не істейтініне дейін тәптіштеп бекітіледі екен. Тіпті, ерікті әскери құрылымдар құруға да рұқсат берілуі мүмкін. Сарапшылар заңға енгізілгелі отырған өзгерістерді құптап отыр. Тек жүзеге асырылуына күмәнді екен.

Заңға енгізілгелі отырған өзгертулерде осындай ұрыс жағдайында әрбір азаматтың әрекеті мен міндеті нақты жазылмақ. Жаңа құжатты даярлау барысында халықаралық тәжірибе ескеріліпті. Берісі Киевті сақтап қалған Украинаның аумақтық қорғаныс күштерінің үлгісі де қарастырылған. Яғни, алмағайып кезде әр қаланың әкімі қолды өзі бастайды деген сөз.

"Түркістан облысында оқу-жаттығуға рота командирі ретінде аудан әкімдері өздері әскери киім киіп, әскерге шақыртылып, жиындарға қатысып жатыр. Ол жиынның нәтижесінен кейін оларға әскери шені беріледі. Қандай шенмен запаста тұр, содан ары қарай жалғаса береді. 5 жылда бір әскери даярлық өтіп тұруы керек. Ондай мәселелер тек Түркістанда емес көп облыстарда бар", - деді ҚР ҚК Бас штабы Аумақтық қорғаныс департаменті басқармасының бағыт аға офицері Әзілхан Дүйсекеев.

Әскери жағдай енгізілген уақытта әкім төрағалық ететін кеңеске әскерилер, полицейлер, төтенше жағдай өкілдері де қатысады. Бұлар жауынгерлік даярлығы шыңдалған құрылымдар. Дегенмен, оларды жүйелі басқару мүлдем басқа мәселе.

"Бұл жерде әкімнің тапаншадан оқ атуы немесе гранатаметтан оқ атуы маңызды емес. Әскери стратегиялық-тактикалық теорияларды білу және соны білетін кеңесші немесе орынбасар ұстау маңызды. Екіншіден, аумақтық қорғаныс әскерлерін жасақтау кезінде резервтегі шала дайындықтағы адамдарды шақыру маңызды ма, жоқ әлде ішкі істер органдарын жұмылдыру маңызды ма деген екінші үлкен сұрақ туындайды", - деді әскери сарапшы Амангелді Құрметұлы.

Шынында да ұлттық ұлан сарбаздарын қоспағанның өзінде саны 100 мыңнан асатын полицейлердің жауынгерлік машығы артық екені сөзсіз. Оның үстіне олардың қару-жарағы да өздері орналасқан бөлімде. Сарапшылар "қалай болса да аумақтық қорғаныстың құрылымдарының орны бөлек"- дейді. Шекарамен шектесетін кейбір өңірде бірде-бір әскери бөлім жоқ екенін алға тартып отыр.

"Маусымның соңында Евгений Пригожиннің жалдамалы әскері Мәскеуге қарай рейд жасады. Бүлік жасады. Теориялық тұрғыдан ойлап көрейік: ол топ Мәскеуге емес, біздің батыс шекараға қарай жүрсе қалай болар еді? Ондай жағдайда біз шекараға 5 мың адамдық бригаданы жеткізіп үлгереміз бе? Жеткізерміз теориялық тұрғыда. Бірақ ол үшін 12 кейде 24 сағат уақыт керек. Ал мұндай жағдайда аумақтық қорғаныс бригадалары тұрса, армия күштерінің келуіне уақыт ұтып береді", - деді әскери сарапшы Амангелді Құрметұлы.

Пригожин дегеннен шығады, осы өзгертулер аясында "Вагнер" сияқты жеке әскери компания құруға рұқсат беріле ме деген сауал көп сарапшыны алаңдатқаны белгілі. Конституцияда мұндай ұйымдарға тыйым салынатыны анық жазылған. Тек қана, қаңтар оқиғасы кезінде "қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге көмектесеміз"- деген желеумен қару ұстап көшеге шыққан топтар сияқты еріктілердің әрекеті енді заңмен реттелуі мүмкін.

"Бұл заңда ерікті құрылымдар құруға рұқсат берілген. Ол ерікті құрылымдарды қарсылас басқарып кетпесі үшін олар әскери қызметкерлер басқару керек, не полиция қызметкерлері, не жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері басқару керек жаңағы құрылымдарды. Яғни айтқанда бұл тіркелген, біздің есепте бар құрылымдар болады", - деді ҚР ҚК Бас штабы Аумақтық қорғаныс департаменті басқармасының бағыт аға офицері Әзілхан Дүйсекеев.

Бұл өзгертулерді жылдың соңына дейін Парламенттің қарауына ұсыну жоспарланып отыр. Осы толықтырулар қабылданған кезден бастап 5 жыл ішінде аумақтық қорғаныс саласын дамытуға бағытталған барлық шаралар орындалуы тиіс.

Заңға өзгерту енгізудің тағы бір себебі қаржыландырудың мардымсыздығы көрінеді. Яғни, аймақтар барлық салаға бөлгеннен қалған қалдық қаражатты бөледі екен. Осы бағытты да заңмен реттемек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу