Қаңтар оқиғасында өртке оранған Алматы әкімдігінің ғимараты қалпына келтірілді

443

Ғимаратты қалпына келтіруге 17 млрд теңге жұмсалған.

Қаңтар оқиғасында өртке оранған Алматы әкімдігінің ғимараты қалпына келтірілді Фото: Алматы әкімдігі

Қаңтар оқиғасынан кейін түгі қалмай өртеніп, қирап қалған Алматы қаласының әкімдік ғимараты қайта қолданысқа берілді. 

Есте болса, нысанды қайта қалпына келтіру жұмыстары өткен жылы басталған еді. Ғимараттың қызыл жалыннан 6 қабат пен 4 павильоны отқа оранып, 80 пайызы жарамсыз болып қалды. 

Шенділер тарихи нысанның 40 жыл бұрынғы дизайны толықтай сақталды деп отыр. Тіпті есіктер мен жиһаздарға дейін кезінде қолданыста болғандарына ұқсайды дейді.

Ғимаратты қайта қалпына келтіруге республикалық бюджеттен 17 млрд теңге жұмсалған. Нысанның ішіне бұл жолы отқа төзімді жанбайтын материалдар қолданылыпты. Сондай-ақ, бұрын соңды болмаған түтін шығару және өрт кезінде қызыл жалынның тарап кетуіне жол бермейтін жүйе орнатылған. Оған қоса, жаңа әкімдік 10 баллдық жер сілкінісіне төтеп бере алады. 

"80 пайызы өртенді дегенде бұл ғимараттың ішінде ішкі әрлеуінен басқа өзінің қаңқасы болды ғой. Ол сақталып қалды және бүлінбеген 20 пайыздың ішіне кіріп отыр. Бірақ оның үстіне өрт болғаннан кейін бетон, темір нәрселердің бәрі ғимаратты ұстайтындай мүмкіндігі өзгеріп кетеді. Сондықтан, бұл жерде сейсмокүшейту жүргізілді", – дейді Алматы қаласы әкімінің аппарат басшысы Бейбіт Шаханов.

Алматы қаласының әкімдік ғимаратының жалпы ауданы 33 мың шаршы метрден асады. Нысанда 14 басқарма бар, олар 700 орынға есептелген 300 кабинетті өзара бөлісіп жұмыс істейді. Ал ішіндегі көлемі жағынан ең үлкен жұмыс кабинетінде Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев отырады. Оның бұл тарихи ғимараттағы алғаш жұмыс орны болмақ. 

Мегаполис басшысы келесі аптаның басында көшуді жоспарлап отыр. Есте болса, оған дейін онда экс-әкім Бақытжан Сағынтаев жұмыс істеген. Ол кезде кабинеттің түгі қалмай жанып, тек кейбір ыдыс-аяғы ғана сынбай сақталған еді.

"Ғимараттағы өзгеріске келсек бірінші қабатта азаматтарды қабылдау бөлімі болды, ол кеңейтілді. Сол келген азаматтарға жағдай жасалынды. Жалпы бүкіл ғимараттың конструкциясы, кабинеттері бәрі бұрынғыша сақталып қалды. Қазір біздің мамандар ғимаратты ондағы инженерлік жүйелерді қабылдап жатыр. Осы аптадан бастап басқармалар көше бастайды", – дейді Алматы қаласы әкімінің аппарат басшысы Бейбіт Шаханов. 

Айта кетейік, Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздік салдарынан 8 өңірде 42 мемлекеттік мекеменің ғимаратына зақым келген. Оның ішінде 14 нысанды қайта қалпына келтіруге тура келді. Кеткен шығын көлемі 30 млрд теңгеге жуықтайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу