Капитолийдегі тәртіпсіздіктерден кейін екі полиция қызметкері өз-өзіне қол жұмсады. Бұл туралы Вашингтон полициясының басшысы Роберт Конти хабарлады.
Washington Post басылымының дерегі бойынша, 9 қаңтарда 51 жастағы Ховард Либенгуд есімді тәртіп сақшысының өзін-өзі өлтіргені мәлім болды. Екінші полиция қызметкерінің аты-жөні Джеффри Смит. Ол 15 қаңтарда көз жұмды. Смит патрульда 12 жылдай қызмет атқарған.
Ресми дерек бойынша, 6 қаңтарда Вашингтон полициясы Капитолийді қорғау үшін 850 қызметкерін жіберген еді. Тағы 250 шақтысы ғимараттың маңын бақылауға жұмылдырылды. Тәртіпсіздіктерден кейін қала орталығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 8,8 миллион доллардай қаражат жұмсалған.
6 қаңтарда Трамп Ақ үйдің жанында митингке жиналған жақтастарын "әлсіз республикашыларға" сайлау қорытындысына қарсы шығуға көмектесу үшін Капитолийге баруға үндеді. Олар содан кейін ғимаратқа баса-көктеп кіріп, Джо Байденді президент ретінде бекітуге қатысты сессияны тоқтатқан еді. Құқық қорғау органдары бүлікшілерді ғимараттан шығарғаннан кейін, конгрессмендер демократ Джо Байденнің жеңісін мақұлдады.
Табиғат Нұрболат
Фото: france24.com