Кәсіпкерлікті дамытудың 59 жүйелі салалық мәселесі айқындалды

719

Асқар Мамин Мемлекеттік органдарға "Атамекен" ҰКП ұсынған мәліметтер негізінде шара қарастыруды тапсырды.  

Кәсіпкерлікті дамытудың 59 жүйелі салалық мәселесі айқындалды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі жобалық офис отырысын өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz Үкімет басшысының сайтына сілтеме жасап.

Отырысқа "Атамекен" ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев, Үкімет мүшелері, өңірлердің әкімдері, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ, даму институттарының, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының, өңірлік кәсіпкерлер палаталарының басшылығы және т. б. қатысты.

Үкімет мақұлдаған кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары туралы ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, бизнестің жүйелі сын-тегеуріндері, жеңілдікпен несие беру, микроқаржы ұйымдары институттарын, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларын дамыту, өңірлердегі ШОБ-ты дамыту әлеуеті, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ және жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алулары туралы "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин, сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов баяндады.

"Атамекен" ҰКП төралқа төрағасы Т. Құлыбаев биылғы 11-12 наурызда экономиканың неғұрлым зардап шеккен салаларындағы бизнес өкілдерімен өткен қосымша кездесулердің қорытындысы бойынша кәсіпкерлікті дамытудың 59 жүйелі салалық мәселесі айқындалғанын атап өтті.

"Атамекен" ҰКП ұсынған мәліметтер негізінде Премьер-Министр мемлекеттік органдар мен ұйымдарға жеке секторды қолдаудың қосымша шараларын, оның ішінде ШОБ-тың кредиттеуге қолжетімділігін одан әрі кеңейту, бизнеске реттеушілік және фискалдық жүктемені төмендету, отандық өндірушілердің мемлекеттік сатып алуларға, оффтейк-келісімшарттарды қолдануды кеңейтуді қоса алғанда, жер қойнауын пайдаланушылардың және "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ-ның сатып алуларына қатысу әлеуетін дамыту арқылы қарауды тапсырды.

Пысықталып жатқан шаралар аясында өңірлерде ауыл шаруашылығы өнімін өндіру және қайта өңдеу шарттарындағы айырмашылықты ескере отырып, АӨК-те субсидиялау жүйесі жетілдіріледі, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін қаржыландырудың қолжетімділігі артады. Үкімет басшысы реттелетін сатып алулардағы жергілікті қамтуды бақылауды, өңірлердің экономикалық картасын уақытылы әрі сапалы толтыруды қамтамасыз етуді, отандық кәсіпорындардың өндірістік қуаттарын жүктеу мақсатында оларды паспорттауды аяқтауды және микроқаржы ұйымдарын құруды жеделдетуді тапсырды.

"Біздің міндетіміз  – бизнесті жүргізуге қажетті жағдайларды жетілдіру және кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелерді жедел шешу", — деді А. Мамин. 

2021 жылы "Қарапайым заттар экономикасы", "БЖК-2025", "Еңбек", "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламалары және Ұлттық банктің айналым қаражатын толықтыруға несиелендіру бағдарламасы аясында бизнесті қолдауға 703 млрд теңге қаражат қарастырылған. "Қарапайым заттар экономикасы" жеңілдетілген несие беру бағдарламасы бойынша 2019 жылғы желтоқсан мен 2021 жылғы наурыз аралығында 700,3 млрд теңгеге 2855 жоба мақұлданды, 556,5 млрд теңгеге 2273 жоба субсидияланды. "БЖК – 2025" бағдарламасын іске асыруда оң динамика байқалуда — осы жылдың қаңтар-ақпан айларында 88,2 млрд теңге сомасына 669 жоба субсидияланды, 2900 жоба кепілдендірілді.
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу