Кәсіпкерлікті қолдау жалғасын табады

3051

Қызылорда облысының алдағы жоспары бойынша экономиканың түрлі салаларында 265 жобаны жүзеге асыру міндеті тұр.

Кәсіпкерлікті қолдау жалғасын табады

Бүгінгідей қиын кезде кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан бірқатар жеңілдік ұсынылып жатыр. Негізгісін айтар болсақ, салық төлеуден босатылып, салықтық несиелік төлемдердің мерзімі кейінге ұзартылды. Сондай-ақ облыста шағын және орта бизнес иелерін қолдау және жобаларын дамыту мақсатында Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспары әзірленді. Карантин кезінда аймақ кәсіпкерлері үшін тағы қандай қолдаулар бар? Осы жағын тағы бір пысықтап көрелік.

Жасыратыны жоқ әлемді жайлаған індет кәсіпкерлер саласының дамуына кері әсерін тигізді. Сондықтан мемлекет шағын және орта бизнес өкілдері үшін бірқатар жеңілдіктер пакетін қарастырып отыр. Мәселен, облыста 8 мыңнан астам кәсіпкердің салықтық және несиелік төлемдері кейінге шегерілсе, 51 мыңнан астамы түрлі салықтық жеңілдіктерге қол жеткізді. Бұл індет кезінде жұмысы тұралап қалған бизнес өкілдері үшін үлкен көмек. Тағы бір жағымды жаңалық ауыл кәсіпкерлерін жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету мақсатында құрылған "Қызылорда өңірлік инвестиция" орталығының қызметі ұзартылды. Өйткені бес жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан инвесторталықтың қызметі шарт бойынша осы жылдың қазан айында жабылуы керек болатын. Сондықтан облыстық кәсіпкерлік палатасы мен облыс әкімінің ортақ ұсынысымен 2025 жылдың қазан айына дейін созылды. Аталмыш қаржы орталығы енді жаңа ережеге орай, кәсіпкерлердің кепілдікке ұсынар ауылдағы қамыс үйін немесе қам кесектен қаланған үйін де кепілге алатын болды.

Сондай-ақ, "Бизнестің жол картасы 2020-2025" бағдарламасында көзделген қаражат 1-7-ден 3-4 миллиард теңгеге дейін екі есеге ұлғайтылды. Бұл бағдарлама бойынша жыл басынан бері 38 жоба субсидияланған. Ал "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасымен 97 жоба қаржыландырылып, 500-ден аса тұрғын жұмыспен қамтылмақ.

Жалпы жұртшылықтың түсіне бермейтін "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасына шолу жасасақ. Бағдарлама ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыруды көздейді. Яғни халықтың күнделікті тұтынатын тауарларды молынан, қолжетімді бағада шығару. Бір сөзбен айтқанда, халықтың қажеттілігін қанағаттандыру, импорттық тауарларды жергілікті өнімдермен алмастыру немесе бәсекелесу. Осы себепті де қазіргі таңда аталмыш бағдарлама бойынша кәсіпкерлерге жеңілдіктер қарастырылып, оны дамыту бағытында кешенді жұмыстар жасалуда.

Бір мысал, қала тұрғыны Айдос Әлменов осы мақсатта жеңілдетілген несие алып кәсібін жандандырып жатыр. Іскер азамат бүгінде түшпара, тефтели, котлет сияқты жартылай дайындалған ет өнімдерін шығарып тұтынушыларға ұсынуда.

"Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы арқылы 6 пайызбен жеңіл несие алдық. Өндіріс цехымызда 15 адам жұмыс жасайды. Біздің өнімдеріміз бүкіл облыс дүкендеріне тарап жатыр. Бүгінде кәсіп ашып, бизнеспен айналысам деген азаматтарға мүмкіндік мол", – дейді "Әлменов" ЖК директорының орынбасары Әлия Ахметжанова.

Аймақтың алдағы жоспары бойынша экономиканың түрлі салаларында 265 жобаны жүзеге асыру міндеті тұр. Нәтижесімен 1831 жұмыс орындары ашылатын болады. Сондай-ақ, несиелендіруге жататын тауарлар мен қызметтердің тізбесі 365-тен 1000-нан асты, экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіштерінің саны да 65-тен 124-ке дейін өсті.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу