Каспийде итбалықтарға тағы қауіп төніп тұр

593

Каспий итбалығының биологиясына әсер ететін тіршілік ету ортасы маусымдық кезеңге орай өзгереді. Итбалық тек солтүстік Каспийдің қазақстандық және ресейлік секторында қатқан мұз үстінде күшіктейді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Каспийде итбалықтарға тағы қауіп төніп тұр Фото: gov.kz

Балық шаруашылығы комитетінің баспасөз қызметі мәліметінше, итбалықтың күшіктеу кезеңі қаңтардың соңғы онкүндігінде басталады. Күшіктеу кезеңі 25 ақпанға дейін созылады.

"Итбалық күшігінде туғаннан кейінгі алғашқы күндерде тері астында майы болмайды. Теріде тек қылшығы бар. Сондықтан, күшіктер суық суда ұзақ уақыт бола алмайды. Жүні суланып, өліп кетуі мүмкін. Күшіктер 3-4 апта ему кезеңінде мұз үстінде болады. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мұз итбалықтың көбеюі мен сақталуына маңызды рөл атқарады", - деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметі.

Каспий итбалығы популяциясының жай-күйіне 2020 жылдан бері ресейлік ғалымдармен бірге мониторингтік зерттеулер жүргізу қолға алынған. Оның ішінде метеодеректер мен спутниктік суреттер бойынша мұз өрісінің жай-күйіне мониторинг жүргізілген.

​"Былтыр Солтүстік Каспийдегі қатқан мұздың алаңы 98 пайыз болған еді. Теңіздің итбалық күшіктейтін бөлігінде мұздың қатуы былтырғы желтоқсанның екінші онкүндігінде басталды. Қазір мұз алаңының ауданы — 67%. Мұз қабатының қалыңдығы біркелкі емес. Солтүстік және солтүстік-шығыс бөліктердегі қалыңдығы 10-15 см-ге дейінгі аралықты құрады. Ал, жиектерде мұз қалыңдығы өзгермелі, кей тұста 5-10 см-ге жетеді. Бұған 2023 жылғы 1 желтоқсаннан 2024 жылғы 13 қаңтарға дейін Маңғыстау облысындағы ауа температурасының -3-тен +10 градусқа дейін өзгергені әсер етті. 2022-2023 жылдардағы ұқсас кезеңдегі қыста ауа температурасы 0-ден -10-15 градусқа жетіп, айтарлықтай суық болды", - деп нақтылады баспасөз қызметі.

"Қазгидромет" РМК-ның мәліметінше, биыл 20 қаңтар мен 20 ақпан аралығында күн +11 градусқа дейін жылиды. Мұндай жылылық мұз алаңын 20-40% дейін қысқартуы мүмкін.

​"Каспийдің солтүстігіндегі мұздың қалыңдығы 10-15 см деңгейінде болса, итбалықтың жаңа туған күшіктерінің өлімінің көбеюіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Бұл жағдай аналық итбалықтардың мерзімінде күшіктеуіне теріс әсер етеді", - делінген хабарламада.

Қазір Балық шаруашылығы комитетінің Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының инспекторлары мен ғылыми мекемелердің қызметкерлері ахуалды тұрақты бақылауда ұстап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу