Сенатор Бибігүл Жексенбай отандық медиадағы қазақ және орыс тілді контент тақырыптарына қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Еліміздегі қазақ және орыс тілді БАҚ арасындағы алшақтық әлі азайған жоқ. Тіпті бір редакциядағы қазақ және орыс тіліндегі бөлім контенттері сәйкес келмейді. Редакцияларда қазақ және орыс тілді журналистердің ынтымақтастығы аз. Еліміздің екі негізгі тілінде шығатын бұқаралық ақпарат құралдары өзара бір-бірімен әрекеттеспейді. Қазақ тілінде шығатын БАҚ орыс тілді басылымдар жазып жатқан проблемаларды, ал қазақ тілді журналистер көтерген мәселелер орыс тілді БАҚ-тарда мүлде қозғалмай жатқанын көріп жатырмыз. Әрине, бұл халықтың толыққанды ақпарат алуына кері әсерін тигізеді", - деді депутат Сенаттың жалпы отырысында.
Бүгінде тәуелсіз бұқаралық ақпарат өкілдеріне ортақ тақырыптарды жазсын деп талап қоюға мүмкіндік жоқ. Мұны Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов айтты.
"Конституция бойынша оған тыйым салынған. Бұл мәселені басқа тәсілмен шешуді пысықтаудамыз. Мемлекеттік тапсырыстар аясындағы тақырыптар тізбесін белгілеген кезде оны барлық тілдегі контент өндірушілерге көрсетуді ұсынамыз. Тиісті нормативтік құқықтарды әзірлеген кезде әрбір тақырыпты міндетті түрде екі немесе үш тілде халыққа жеткізуді талап етеміз", - деп жауап берді министрлік өкілі.
Айта кетейік, осыған дейін 5700-ге жуық қазақстандық журналистика мамандығы бойынша білім алып жатқанын жазған болатынбыз.