Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Спикердің айтуынша, әр өңірдегі білім беру ұйымдарында Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен ата-аналар, мектеп және колледж оқушылары жүгіне алатын психологиялық қолдау орталықтары құрылды. Тек 2024 жылы орталықтарға 600 мың өтініш келіп түсті.
– Әр мектепте балалар мен ата-аналар арасындағы байланысты қолдау үшін ата-аналарға психологиялық, педагогикалық қолдау көрсету орталықтары бар екенін хабарлау маңызды. Сондай-ақ байланыс орталығы жұмыс істейді, әрбір білім беру ұйымында QR-код орнатылған. 2025 жылдың 4 айында ғана балалардан 70 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Отбасындағы, көшедегі зорлық-зомбылық туралы 300-ге жуық қоңырау түсті, – деді Насымжан Оспанова.
Оның айтуынша, балалар отбасы ішіндегі ата-ана жауапкершілігінің төмендеуіне байланысты осындай жағдайға тап болады.
– 15-17 жас аралығындағы балалар туыстарымен ашық сөйлесуден қорқады. Сондықтан бұл шаралар өте тиімді. Өткен жылы біз ЮНИСЕФ-пен бірлесіп, балалардың интернет кеңістіктегі қауіпсіздігіне қатысты Kazakhstan Kids Online зерттеуін жүргіздік. 1200 бала зерттелді. Әрбір 10-бала белгісіз адамның өтініші бойынша өз суреттерін жіберді. Әрбір 11-қыз бейтаныс адамдармен кездесуге барған. Балалардың 3%-ы белгісіз адамдармен қарым-қатынаста болды. Бұл ата-аналарға, тәрбиешілерге балалармен байланыс орнату, сенім арту, анамен және әкемен жылы қарым-қатынаста болудың маңызды екенін көрсетеді. Біз үшін бұл басым мәнге ие, – деп толықтырды Насымжан Оспанова.