Қазақстан биткоин майнингі бойынша әлемде екінші орында

702

Жыл сайын блокчейн-технологиялар индустриясынан мемлекет бюджетіне 127,5 млрд теңгеден астам қаржы түседі.

Қазақстан биткоин майнингі бойынша әлемде екінші орында

Заңнама талаптарын сақтайтын майнинг фермалары үшін электр энергиясы шектелмейді, ажыратылмайды. Бұл туралы қазақстандық блокчейн-технологиялар қауымдастығының, Дата-орталықтар мен технологиялардың блокчейн және индустрия қауымдастығының, сондай-ақ ҚР ЦДИАӨМ және "KEGOC"АҚ өкілдерімен кездесуде Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айтуынша, майнерлердің дата-орталықтары өз қызметін елдің энергетикалық қауіпсіздігіне нұқсан келтірмей жүзеге асыруға тиіс.

"Блокчейн индустриясының жоғары әлеуетін ескере отырып, оны одан әрі дамыту үшін күш-жігерді біріктіру қажет. Мен диалогқа әзірмін, сондықтан біртұтас электр энергетикалық жүйенің сенімділігін қамтамасыз ету үшін "ақ" майнерлерді шешімдерді бірлесіп іздеуге шақырамын", – деп атап өтті М. Мырзағалиев.

Қауымдастық басшылары отандық қана емес, сондай-ақ импорттық электр энергиясын сатып алу мүмкіндігін қарастыруға, сондай-ақ ЖЭК-ті қоса алғанда, жаңа энергия қуаттарын құру үшін инвестиция салуға дайын екендігін хабарлады.

Энергетика министрлігі ЦДИАӨМ-ге цифрлық майнинг бойынша қызметті жүзеге асыратын тұлғаларға қойылатын талаптар мен критерийлерді белгілеу бөлігінде нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды. Бұл "сұр" майнерлерді анықтауға және оларға қатысты шаралар қабылдауға мүмкіндік береді, себебі оларға өз қызметін жалғастыру үшін бизнесін тіркеп, заңдастыру қажет.

Айта кетсек, "сұр" майнерлер – бұл негізінен цифрлық майнинг энергиясын тұтынуды басқа негізгі қызмет арқылы жасыратындар. Көбінесе бұл фермалар электр энергиясын тұтынудың өсуін болжау мүмкін болмайтын жерлерде орналасады.

Жыл сайын блокчейн-технологиялар индустриясынан мемлекет бюджетіне 127,5 млрд теңгеден астам қаржы түсетіні атап өтілді. Бес жыл ішінде салаға 500 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылатын болады. Қазіргі уақытта Қазақстан әлемдік хешрейттегі 18,1% үлесімен биткоин майнингі бойынша әлемде екінші орында.

Кездесу қорытындысы бойынша Бірлескен хаттамаға қол қойылды, оған сәйкес тараптар:

- Қазақстан Республикасының Біртұтас электр энергетикалық жүйесінде электр энергиясы мен қуатының тапшылығы туындаған кезде халыққа, әлеуметтік объектілерге және "ақ" майнерлерге электр энергиясын шектеуді енгізуге жол бермеу туралы;

- теңгерімдеуші нарықты (demand-response) іске қосу туралы заңнамалық актіні қарауды және қабылдауды жеделдету;

- электр энергиясын сатып алуға кепілдік бере отырып, "ақ" майнерлерге қатысты (off-take келісімшарттары) Қаржы-есеп айырысу орталығы арқылы жаңа ірі ЖЭК жобаларын дамыту үшін инвестициялар тарту туралы келісті.

Тараптар электр энергиясы нарығын тұрақтандыруға және жаңа индустрия ретінде цифрлық майнингті дамыту үшін қажетті жағдайлар жасауға бағытталған бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендігін білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу