Буэнос-Айрестегі Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) министрлер конференциясының 12 желтоқсанда өткен пленарлық отырысында қазақстандық делегацияның басшысы, Женевадағы БҰҰ бөлімшесінің және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі, елші Жанар Айтжанова Қазақстанның халықаралық сауда жүйесін нығайтуға қолдауын білдіріп, еліміздің жаһандық саудаға одан әрі интеграциялануды ұстанатынын атап өтті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Бұдан бұрын Найробиде өткен министрлер конференциясында Қазақстан экспорттық бәсекелестік туралы тарихи шешім қабылданғанын қолдап, қазіргі тұста оның ДСҰ-ға мүше елдер тарапынан уақытылы жүзеге асырылуын күтеді. Тұрақты өкіл бұл мәселе Қазақстан үшін үлкен қызығушылық тудыратынын атап өтті, өйткені ДСҰ-ға қосылу барысында елдің теңізге шығу мүмкіндігі жоқ екеніне қарамастан, Қазақстан экспорттық субсидиялардан бас тартуға мәжбүр болды. Осы орайда Қазақстан басқа елдерді ДСҰ-ға жаңа мүшелерге қатысты біркелкі бәсекелестік алаңын құруға шақырады.
Сонымен қатар, қазақстандық делегация басшысы қазіргі таңда Қазақстан экономикасының барлық салаларын және әлеуметтік өмірдің әр түрлі аспектілерін қамтитын цифрландыру бағдарламасын жүзеге асырып жатқанын хабарлады. Осыған байланысты біздің ел ДСҰ-ның электрондық сауданы дамыту үшін ашық, кемсітпейтін және болжамды ғаламдық ережелерді ілгерілетудегі маңызды рөлін мойындайды.
ДСҰ министрлер конференциясының 11-ші сессиясы Оңтүстік Америкада тұңғыш мәрте өткізілуде. Сонымен қатар, 2017 жылы тарифтер және сауда жөніндегі бас келісімнің 70-жылдығы атап өтілуде.