Қазақстан экологиялық дағдарыс алдында тұр ма?

1875

Шығарындылардың басым бөлігі энергетика секторына тиесілі – 82%.

Қазақстан экологиялық дағдарыс алдында тұр ма? Фото: Максим Морозов

Елімізде 5 жылда парник газдарының шығарындысы 28%-ға өскен, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі energyprom.kz-ке сілтеме жасап.

Париж келісімі бойынша (БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы конвенция) Қазақстан парник газдарының шығарындысын (ПГ) 1990 жылдан (386,3 миллион тонна) 2030 жылға дейін (328,3 миллион тонна) 15%-ға қысқартуға міндеттеме алған. Алайда 2018 жылы парник газдарының шығарындысы шамамен 401,9 миллион тонна болған. Бұл 1990 жылғы деңгейден 4%-ға артық. 

5 жыл ішінде (2013-2018 жж.) еліміздегі ПГ шығарындысы 27,8%-ға артқан.

Мұндай динамикада Париж келісіміндегі міндетті орындау қиынға түседі. Себебі, көмір технологиясына негізделген энергия өндірісінің тұрақты өсуін, (жалпы көлемнің шамамен 80%), әрі 2020 жылғы коронавирус пандемиясы кезінде де шығарындылардың көлемі артқанын ескерсек.

Парник газдар шығарындысының басым бөлігі энергетика секторына – 82,4%, ауыл шаруашылығына – 9%, өнеркәсіптік процестерге – 5,6% тиесілі.

Сонымен қатар жан басына шаққандағы ПГ шығарындысы да артқан:
10 жыл ішінде жан басына шаққандағы жиынтық шығарынды 21,6%-ға өскен.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (OECD/DAC) статистикалық дерегіне сәйкес 2012-2015 жылдар аралығында Қазақстан климаттық даму жобаларына жалпы сомасы 1134 миллион доллар тартқан. Қаржының басым бөлігі (95%-ға жуығы) парник газдарының шығарындысын азайту жобаларына, қалғаны
бейімдеу жобаларына бағытталған.

Kursiv.kz cайтының мәліметінше, 2018 жылы жан басына шаққандағы парник газдар шығарындыларының қарқындылығы бойынша Қазақстан төртінші орында болған.

Сондай-ақ климаттың өзгеруіне әсер ететін процестер де күрделене түсуде. Оның салдары қазір де сезіліп жатыр: жайылымдардың тозуы, мұздықтардың еруі, су тапшылығы және тағы басқа мәселелер.

Барлық климаттық жоба: энергияны үнемдеу және жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) пайдалану сынды жобалар парник газдарының шығарындысын азайтуға бағытталған.

Алайда қазіргі таңда шығарындыларды есепке алудың ұлттық жүйесінде парник газдарының шығарындысын азайту бойынша бірде-бір тіркелген жоба жоқ. Мұндай ақпарат ашық дереккөзде де жоқ. 

Сонымен қатар барлық ЖЭК жобасы (күн және жел генерациясы) ПГ шығарындысын азайту сынды нақты экологиялық көрсеткішке ие.

Бұл бағытта ондаған жоба іске асырылып, еліміз баламалы қуатты өндіріп жатыр.

Қазіргі таңда республикада 116 ЖЭК объектісі жұмыс істейді. Олардың қуаты – 1685 МВт.

2020 жылдың қорытындысы бойынша "жасыл" энергетика өндірісі 3,24 миллиард кВт/сағат немесе электр энергиясын өндірудің жалпы көлемі – 3% болды. Бұл қондырғылардың көмегімен де парник газдарының шығарындысы ресми түрде азайған жоқ. Сондай-ақ ЖЭК-тің бірде-бір қондырғысы ПГ шығарындысын азайту туралы сертификат алмаған.

Осыған байланысты парник газдарының шығарындысына квоталар саудасы тоқырауды бастан өткізіп жатыр.

Сонымен қатар бүгінде Қазақстан халықаралық қоғамдастық алдында декларациялаған ПГ шығарындысын азайтуды қамтамасыз етудің жалғыз тиімді тәсілін де пайдаланылып жатқан жоқ. Ал "Жасыл" инвестицияға тартылған халықаралық ұйымдардан бөлінген ақша экологиялық маңызын жоғалтып жатыр.

Донорлар есебінен жүзеге асырылатын және мемлекеттік органдардың жұмысында көрініс таппайтын халықаралық консалтингтегі жағдай да осыған ұқсас.

Климаттың өзгеруі саласында ПГ шығарындысын реттеу жүйесін оңтайландыру, Қазақстанның институционалдық базасын Еуропалық одақ стандарттарына жақындату бойынша ондаған зерттеулер (ДБ, ЕҚДБ, АДБ, БҰҰДБ) жүргізілді. Бірақ іс жүзінде барлық атқарым (атқарылған жұмыс көлемі) жүзеге асқан жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу