Қазақстан санкцияға іліккен ресейлік компаниялардың кіруіне шектеу қоймақшы

644

Санкцияға іліккен ресейлік компанияларға Қазақстан нарығына кіруге рұқсат жоқ. Келгісі келетіндер үш кезеңдік тексерістен өтеді. 

Қазақстан санкцияға іліккен ресейлік компаниялардың кіруіне шектеу қоймақшы

Сыртқы істер министрлігі мәселені жіті назарда ұстап отырғанын айтады.  Ал  Ресейден үдере көшкен шетелдік 362 компанияның 62-сы Қазақстанда жұмыс істейтін болды. Қалғандары ой үстінде жүр. Себебі қаңтар оқиғасынан кейін  елімізге үлкен қауіппен қарайтын болған. 

Пандемия, геосаяси ахуал және қаңтар оқиғасы. Инвесторлардың Қазақстаннан аяқ тартып қалуына әсіресе соңғысының әсері аз болмады. Ақыраяғы Тоқаевтың өзі биыл бір емес, екі жиын өткізуге тура келді. Онда Президент олардың қауіпсіз жерде екенін айтып бақты. Алайда, мәселе мұнымен бітпейді. Елімізге елшілер жетектеп әкелген инвесторларды өңір әкімдері ұстап қала алмай отыр. 

"Проблеманы өздеріңіз де білесіздер. Жер бөлу проблемасы өте ұзақ. Техникалық қызметті алу өте ұзақ. Жылу, электр жүйесіне қосылу 3-4-5 айға дейін барады. Инвесторлардың барлығының айтып отырғаны сол", деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров.

Ақшасы барларды көндіруге уақыт пен күш көп жұмсалады. Мәселен, әлемдегі ең бай үшінші адам үндістандық Гаутам Адани жақында Қазақстанға келіп кетті. Оны тарту үшін біздікілер жарты жыл уақыт жұмсаған. Ал оның өзі елімізге 2-3 млрд доллар инвестиция салғысы келеді. Астананың әуежайы мен Қазақстан теміржолына қызығушылық танытып отыр. Одан қалды жасыл энергетиканы өңдеуге және Кегок компаниясымен жұмыс істеуге ниетті. Еліміздегі ахуалды Ресейден көшкен шетелдік компаниялар да бақылап отыр. Бүгінде 62-сы нарығымызда жұмыс істеуге келісті. Өзге де танымал брендтермен келіссөз жүргізіліп жатыр. 

"Біз Apple компаниясымен Алматыда ресми сауда өкілдігін ашу туралы келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Олар мұндай деңгейдегі мәселелерді шешу үшін шамамен 3-4 жыл қажет екенін айтты. Ал Тойота Ресейдегі өндірісін әлі тоқтатқан жоқ. Олар кезінде Қазақстанда  автокөлік шығаруға тырысты, бірақ нарық шығару құнын қабылдамады. Қазір елімізде Kia, Hyundai дамып келе жатқанын ескерсек Toyota бәсекеге қабілетті бола алмайды деп ойлаймын", дейді Алмас Айдаров.

Иә, атауы жер жарған компаниялар қай кезде де еліміз үшін тиімді бола бермейді. Мәселен вайлдберризбен жасалған ұзақ келісім нәтижесіз болды. Себебі компания 30 жылға салықтан босатуды сұраған. 

Бұған қоса, қойма құрылысын салуға көмектес деген. Бірақ Қазақстан тарапы мұндай артықшылық ешкімге берілмейтінін айтты. Нарығымызға дендегісі келетін ресейлік компанияларға да талап күшті. Әсіресе санкцияға іліккен кәсіпорындар елімізге кірмейді. 

Арай Сүгірбай 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу