Еліміздің жалпы қаржыландыру көлеміндегі үлесі 46% құрайды. Бұл туралы ranking.kz басылымы хабарлады.
2019 жылдың үшінші тоқсанында халықаралық даму банктерінің ТМД елдері жеке секторындағы инвестициялық-жобалық қаржыландыру көлемі 1,87 млрд доллар болды. Бұл екінші тоқсандағы көрсеткіштен 81,2%-ға артық.
Жалпы, 2019 жылдың қаңтар және қыркүйек айлары аралығында 9 халықаралық қаржы институты 3,8 млрд доллар тұратын 100 жоба бойынша ТМД елдеріндегі жаңа қаржыландыру құжатын мақұлдады. Ұйым мүшелеріне ең көп қаржы құйған Еуропалық даму және қайта құру банкі: 46,9%. Одан кейінгі орындарда Еуразиялық даму банкі(25,2%) және Азиялық даму банкі (12,3%).
Инвестициялық-жобалық қаржыландыру ең көп мақұлданған ел – Қазақстан: 45,6%. Одан кейінгі орындарда Украина (23,2%) және Ресей (11,6%).
Еуропалық даму және қайта құру банкі Қазақстанның жеке секторына 616,3 млн доллардай қаржы бөлген. Бұл халықаралық даму банктері ҚР-ға құйған қаражаттың 35,4% құрайды.
Ескере кететін жайт, 2018 жылдың соңында осы банктің елге тартқан инвестиция көлемі 7,7 млрд еуроға жеткен болатын. Ал Азиялық даму банкі былтыр қаңтар және қыркүйек айлары аралығында Қазақстанның жеке секторын 468,6 млн доллармен қаржыландырған.