Қазақстанда италиялық компанияның қатысуымен ет кластері құрылады

1224

Қазақстанда италиялық компанияның қатысуымен ет кластері құрылады

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Inalca Eurasia италиялық компаниясы өкілдерімен кездесті. Бұл туралы ҚР АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап egemen.kz жазып отыр.

Қазіргі таңда 5 институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамның 61-ші қадамы "Ет өндірісі мен өңдеуді дамыту үшін стратегиялық инвесторларды тарту" бойынша министрлікпен Inalca Eurasia компаниясының (Сremonіni Group атынан) арасында Алматы облысындағы ет кластерін құру инвестициялық жобасын дамыту мәселелерін шешуде бірқатар жұмыстар атқарылуда.

Мал бордақылау алаңдарының қуаттылығы 10000-нан 20000-ға дейін мал басын қамтып, ет комбинатында мал сою көрсеткіші аптасына 1500-2000 басты құрайтын болады. Ағымдағы жылдың қаңтар айында Inalca Eurasia компаниясы еліміздің мал шаруашылығы саласындағы ірі кәсіпорынының бірі — Ақтөбе облысындағы "Актеп" ЖШС-мен меморандумға қол қойды. Осы келісім аясында Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарында жалпы қуаттылығы бір мезгілде 44 мың бас малды қамти алатын бордақылау алаңдарын салу үшін тігінен интеграцияланған компания құруды, сонымен қатар, ет комбинатының қуатын 20 мың тонна ет және ет өнімдеріне дейінгі шекке ұлғайта отырып жаңғырту жұмыстарын жүргізу қарастырылған.

Бүгінгі таңда Cremonini Group Еуропадағы аса маңызды азық-түлік тобының бірі және де үш бизнес бағытта жұмыс жасауда: өндіріс, тарату және қоғамдық тамақтану. Аталған топ ірі қара мал етін өндіру мен ет өнімдерін қайта өңдеу бойынша Италия аумағында көш бастап тұр ("Иналка ДжиБиЭс" және "Монтана"). Сонымен қатар, азық-түлік өнімдерін қоғамдық тамақтану кәсіпорындарына жылжыту мен тарату бойынша да алдыңғы орында ("МАРР").

Бұдан бөлек, бұл топ пойыздар бортында, вокзалдарда, әуежайлар мен автомобиль жолдарында қоғамдық тамақтану бойынша концессияларға ие (Chef Express) және де компания "стейкхауз" (Roadhouse Grill) желісінде де көрініс беріп тұр. Өндіріс саласындағы халықаралық іс-қимылдар негізінен Еуропа, Ресей және бірқатар Африка елдерінің (Ангола, Конго Демократиялық Республикасы, Конго Республикасы, Алжир, Нигерия) айналасында өрбуде. Компания пойыздар бортында қоғамдық тамақтануды ұйымдастыру бойынша Еуропадағы айтулы көшбасшы болып табылады және өзінің еншілес компанияларымен бірге Франция, Испания, Британия және Белгияда да басымдыққа ие.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу