Қазақстандағы күрделі газды өндіруге Қытай қомақты инвестиция салатын болды

"Kazakh Invest" компаниясы мен Geo Jade Petroleum Corporation халықаралық мұнай-газ компаниясы Астанада ынтымақтастық туралы меморандум жасады.   

Қазақстандағы күрделі газды өндіруге Қытай қомақты инвестиция салатын болды Фото: inbusiness.kz

Құжат аясында халықаралық компания еліміздегі "Созақ" кен орнынан күрделі газ өндіруге 7,5 млрд доллар инвестиция салуға келісті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– Бүгін Kazakh Invest көпжақты ынтымақтастық туралы меморгандумға қол қойды. Құжат аясында елімізде алғаш рет күрделі газды барлау, өндіру және терең өңдеу бойынша ірі жоба іске қосылады. Бұл Мемлекет басшысының газ өңдеу өнеркәсібін дамыту және кеңейту тапсырмасын толықтай орындауға мүмкіндік береді. Халықаралық концорциум "Созақ" кен орнындағы газды игеру үшін 7,5 млрд доллар көлемінде инвестиция салуды жоспарлап отыр. Бұл жобаның бірінші кезеңінде 3 мыңға жуық жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Егер жоба ары қарай табысты жүзеге асырылса, жұмыс орнының саны 6 мыңға дейін жетуі мүмкін. Жоба Қызылорда облысында іске асырылады, – деді "Kazakh Invest" ҰК" басқарма төрағасының орынбасары Айбол Арғынғазиев.

Оның сөзінше, алдын ала келісімге сай игерілген газдың барлығы дерлік ішкі нарыққа жұмсалуы ықтимал. Демек, "Созақ" кен орны сәтті игерілсе, 2,5 млн адам көгілдір отынның қызығын көрмек. 
Geo Jade Petroleum Corporation компаниясының басқарма төрағасы Чень Хуаньлононың айтуынша, елімізде нақтыланған күрделі газ қоры 100 млрд текше метрден асып-жығылады. Соның ең ірісі – "Созақ" кен орны. 

– Дәстүрлі емес газ қоры бар, өнім өндіру өте қиын мұндай ірі кен орын барлау үшін, жұмыс істеу үшін бізге Қазақстанның құзіретті органдары тарапынан қолдау аса қажет. Қазіргі уақытта "Kazakh Invest" компаниясы мен Қазақстан Үкіметі жан-жақты қолдау білдіріп отыр. Осындай қолдаудың, тәжірибеміз бен технологияларымыздың арқасында аталған кен орнынан газ өндіру жоспарымызды дер уақытында жүзеге асыратындығымызға сенімдімін, – деді ол.

"Kazakh Invest" ҰК" басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұлов "Созақ" кен орнын игеру Қазақстан үшін жаңа бағыт екенін жасырмады. 

– Өйткені, алынуы өте күрделі әрі дәстүрлі емес газ өндіріледі. Елімізде мұндай технология жоқ. Жалпы, бұл салада АҚШ пен Қытай ғана әлемде көшбасшы саналады. Осы екі ел ғана күрделі газды өндіруге қажетті мұндай технологияларға иелік етіп отыр. Жалпы, әлем жайында айтар болсақ, сарапшылардың бағалауына қарағанда мұндай күрделі, игерілуі қиын газ дәстүрі табиғи газдан 10 есе көп, – деді ол. 

"Созақ" кен орнын игеру жобасына дәстүрлі емес газ өндіру саласындағы америкалық және қытайлық ең үздік мамандары жұмылдырылмақ. Сонымен қатар, ол мұндай кей орындарын игеру экологияға ешқандай залал келтірмейтінін атап өтті. 

– Экологияға ешқандай зияны болмайды. Өйткені, Америка соңғы 20 жылда, Қытай 10-15 жылда мұндай газды табысты түрде өндіріп келеді әрі экологияға ешқандай проблема болған емес. Ол жерде ең заманауи технологиялар қолданылады. Мұнан бөлек, инвестор аталған техологияларымен бөлісуге міндетті болады, құжаттарға қол қойдық. Сонымен қатар, жергілікті мамандарды оқытады әрі жұмысшылардың 90 пайызы жергілікті мамандар болады. Инвестор жергілікті нарықтан тауарлар мен қызметтерді сатып алады, – деп қоса кетті Сұлтанғали Кенжеқұлов.

Компания мәліметінше, "Созақ" жобасын іске асыру газдың ішкі өндірісін айтарлықтай арттыруға, оңтүстік өңірлердегі инфрақұрылымдық шектеулерді азайтуға және Қазақстанда дәстүрлі емес ресурстарды игеру үшін заманауи технологиялық база қалыптастыруға мүмкіндік сыйлайды. 

– Біз "Созақты" жаңа индустрияны ашатын және елдің инвестициялық тартымдылығын арттыратын стратегиялық жоба ретінде қарастырамыз. Kazakh Invest инвесторға толық сүйемелдеу мен бастамаларды жедел іске қосуды қамтамасыз ете отырып, ұзақ мерзімді салымдар үшін ашық әрі болжамды жағдайлар жасайды, – деп хабарлады компания өкілдері.

Еске салайық, былтыр 95 елді мекенде 350 мың адам газға қосылса, 2026 жылы тағы 41 елді мекенге газ беру жоспары бар. Мысалы, 2024 жылдың 1 қаңтарында ел тұрғындарының 62 пайызы газбен қамтамасыз етілсе, 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 64,2 пайызға дейін көбейді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу