Қазақстандықтар балықты аз жейді

740

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адам басына шаққанда жылына 16 келіден кем емес балық тұтынуды ұсынса, Қазақстанда бұл көрсеткіш бір адамға 4 келіден келеді екен.

Қазақстандықтар балықты аз жейді

Бүгін Үкіметтің селекторлық отырысында еліміздің балық саласын дамыту перспективалары қаралды. Баяндама жасаған Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтың айтуынша, Қазақстан жан басына шаққанда балықты аз тұтынады.

Айталық, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адам басына шаққанда жылына 16 келіден кем емес балық тұтынуды ұсынса, Қазақстанда бұл көрсеткіш бір адамға 4 келіден келеді екен. Өз кезегінде, көршілес Ресейде адам басына 23 келі, Қытайда 45 келі балық тұтынылады. Осылайша, шекара маңындағы аудандарды ескергенде, балық өнімдерінің экспорттық потенциалы 3 млн тоннадан асып түсуі мүмкін.

Премьер-министр балық өндірісінің көлемі айтарлықтай ұлғайып, 2030 жылға қарай 600 мың тоннаға дейін жеткізілуі мүмкін екенін атап өтті. Сонымен қатар балық саласы АӨК құрылымында негізгілердің біріне айналуға тиіс, экспорт көлемі 10 есе – 300 мың тоннаға дейін ұлғайтылып, кемінде 100 мың қосымша жұмыс орны құрылуға тиіс.

"Әр өңірде балық өндірісі ұйымдастырылуға тиіс, бизнес субъектілеріне су қоймалары бекітіліп, жаңа ауланған сапасы жоғары балық сататын сауда орындарының санын арттыру керек. Азаматтардың пайдалы тамақтану рационын қамтамасыз ету үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша бір адамға балықты тұтыну деңгейін 16 килограмға жеткізу керек (бүгінде ҚР-да – жылына 3-4 кг)", – деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы биылғы 1 қарашаға дейін балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламаларын әзірлеуді және бекітуді тапсырды, онда басым субсидиялау, жер телімдерін бөлу, инфрақұрылым жүргізу бойынша нақты индикаторлар мен іс-шаралар және басқа да мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілуге тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу