Қазақстандықтар Оңтүстік Кореяда заңды жұмысқа тұра алады

670

ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстанның 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясаты тұжырымдамасының іске асырылу барысы туралы айтты. 

Қазақстандықтар Оңтүстік Кореяда заңды жұмысқа тұра алады Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігі

Осыдан екі ай бұрын ҚР Еңбек және әлеуметтік министрлігінде көші-қонға қатысты жаңа тұжырымдама құрастырылып жатқанын жазған болатынбыз, бүгін Көші-қон комитеті сол жұмыстың нәтижесін хабарлады, деп жазады Inbusiness.kz.

Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Абулхатин Ерболат Махамбетұлы ҚР Сыртқы істер министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлік өкілдері Кореяға аттанып, сол жақта осы шартқа отыру бойынша келіссөздер жүргізіп жатқанын айтқан болатын. Сонымен қатар, алдағы екі жыл ішінде Қазақстан ірі компаниялар шоғырланған Оңтүстік Корея, БАӘ, Түркия сынды барлығы 5 елмен келісімшартқа отыру көзделді.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 194 мыңнан астам адам шетелде еңбек еткен. Қазақстандықтардың еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету үшін Еңбекмині Түркиямен, БАӘ, Ұлыбританиямен және т.б. елдермен жаңа келісімдер жасасуға бастамашылық жасау жөнінде қосымша шаралар қабылдады.

Бүгін Оңтүстік Кореяда ел азаматтарын заңды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету үшін Қазақстанды "Еңбекке рұқсат беру жүйесіне" енгізу мәселесі пысықталып жатқаны анықталды. Осы жүйе арқылы жұмысқа орналастыру migration.enbek.kz порталында тіркелу арқылы жүзеге асырылады. Құжаттарды ресімдеуге, міндетті медициналық тексеруден өтуге және т.б. көмек көрсету үшін қосымша тиісті жұмысты еңбек ұтқырлығы орталықтары жүргізеді.

Көші-қон саясаты тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде қабылданып жатқан шаралар нәтижесінде соңғы 11 жылдықта алғаш рет көші-қонның оң үрдісі қалыптасқанын атап өтті.

"Елімізге негізінен ТМД елдерінен Қытай және Моңғолия мемлекеттердің азаматтары тұрақты тұруға келуде. Бұл ретте техникалық, экономикалық, педагогикалық және медициналық мамандықтары бар шетел азаматтары көбірек келе бастады", – деді Асқарбек Ертаев Орталық коммуникациялар алаңында.

Оның айтуынша, жыл басынан бері 160 мыңнан астам тұрғын ел ішінде қоныс аударды деп хабарлады. Бұл ретте, еліміздің мегаполистері ішкі мигранттарды тартудың орталықтары болып қала береді: олардың үлесіне бүкіл ішкі ағынның 40%-ы тиесілі.

Сондай-ақ, Төраға көші-қон саясаты тұжырымдамасын іске асырудың негізгі бағыттарына егжей-тегжейлі тоқталды.

"Бірінші бағыт – білім иммиграциясы. Мақсаты Қазақстанды өңірлік білім беру хабы ретінде айқындау болып табылады. Ол үшін заманауи кампустары, ғылыми зертханалары бар салалық университеттерді құру бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде. Соңғы екі жылда қазақстандық жоғары оқу орындарының базасында шетелдік жоғары оқу орындарының 6 филиалы құрылды", – деп хабарлады Асқарбек Ертаев.

Екінші бағыт – бизнес-иммиграция, оның шеңберінде елдің инвестициялық тартымдылығын кеңейту бойынша шаралар қабылдануда.

"Біз А-5 санатындағы инвесторларды шетелдік жұмыс күшіне рұқсат алудан босаттық. Жыл басынан бері мұндай инвесторлық визалар 76 шетелдік азаматқа берілді. Әлеуетті инвесторлар үшін "бір өтініш" қағидаты бойынша шетелдік мекемелерде ЖСН және ЭЦҚ беру рәсімі оңайлатылды. Инвестициялық визалық шекті төмендету жоспарлануда", – деп толықтырды Асқарбек Ертаев.

Ол сондай-ақ Көші-қон саясаты тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде шетелде табысты бизнес-кейстері бар этникалық қазақтар үшін "Ата жолы" картасын беру тәртібі бекітілгенін хабарлады. Бүгінгі күні "Ата жолы" картасын алушылардың алдын-ала тізімі жасалды, оған 50 этникалық қазақ енгізілді.

Үшінші бағыт шеңберінде Қазақстанға білікті шетелдік мамандарды тарту бойынша жұмыс жүргізілуде. Мәселен, осы жылдың 1 шілдесінен бастап орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, сұранысқа ие кәсіптердің бекітілген тізбесі аясында нақты жұмыс басталды.

Енді тізімде кәсіптері бар шетелдіктер жеңілдетілген тәртіппен тұруға ықтиярхат алуға өтініш бере алады.

Сонымен қатар, Рұқсат берудің жаңа қағидалары қабылданды. Басты жаңалық – енді бір рұқсатнамамен бірнеше өңірде жұмыс істеуге болады.

Рұқсатнамалар берудің негізгі шарты мұндай мамандардың ел еңбек нарығында болмауы және жұмыс орнында қазақстандық мамандардың үлесі 95 пайыздан төмен болмауы қажет.

"Этностық иммиграцияны регламенттейтін келесі бағыт шеңберінде "қандас" мәртебесін алуға өтініштерді қабылдау тетігі қайта қаралды. Мәселен, 1 шілдеден бастап Қазақстанның консулдықтары шетелдегі қазақтардың өтініштерін "Бір терезе" қағидаты бойынша қарай бастады.

Сонымен қатар, қандастарды қоныстандырудың жаңа алгоритмі қабылданды. Енді қабылдау үшін өңірді айқындау 4 негізгі санат бойынша жүзеге асырылады: жұмыс берушілердің сұранысы бойынша қажетті кәсіп иелерін тарту; отбасын қауыштыру; Үкімет айқындаған өңірлерге жолдама беру; даму әлеуеті бар елді мекендерге қоныстандыру", – деп хабарлады Асқарбек Ертаев.

Жыл басынан бері Қазақстанға барлығы 15,5 мың қандас келді, оның 9,6 мыңы еңбекке қабілетті. Олардың барлығы әлеуметтік қолдау және бейімдеу, жұмысқа орналастыру шараларымен қамтылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу