Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов отандық фильмдердің сапасына қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Соңғы жылдары елімізде түрлі бағытта түсірілген фильмдер аз емес. Алайда, сол фильмдердің сапасына қатысты сұрақ-сауалдар пісіп жетіліп, арнасынан асып тұр. Кино – идеология, кино – саясат, кино, керек десеңіз, ұлттың қауіпсіздігі. Жапония ІІ-Дүниежүзілік қырғыннан кейін ұрпақ санасы мен ұлттық болмысын дәл осы ұлттық кино арқылы жүйелеп алғаны айдай ақиқат. Кино – бүтін ұлтты ұйытатын, сол арқылы жас ұрпақтың санасына әсер ететін күшті қару. Әр халықтың ұлттық болмысы, тарихы, салт-дәстүрі, діни ұстанымы, әлеуметтік жіктелісі бар. Әсіресе, дәл қазіргідей қазақ қоғамы шетелдік сериалдарды тамсана тамашалап, жастардың санасын бөтен жұрттың мәдениеті жаулап жатқан тұста ұлттық киноға көңіл бөлудің маңыздылығы сәт сайын артып тұр", – деді депутат.
Жанарбек Әшімжанов соңғы жылдары мемлекеттік тапсырыспен тарихи тұлғаларға арналған сериалдар мен көркем фильмдер түсіріліп жатқанын айтты.
"Әбжыландай ысқырған бүгінгі жаһандану дәуірі еліміздің ұлттық кино саясатын түбегейлі қайта қарауға мәжбүрлеп отыр. Тіпті, бала-шағамызбен қатар отырып фильм көрсең, бетіңнен отың шығып кірерге тесік таппайсың. Анайы эпизодтар мен сүйегіңнен өтетін бейпіл диалогтар, шұп-шұбар тіл, атыс-шабыс, жадағай жаргон сөздер, одан қалса әр жерден ұрлап-жырлап, көшіріп алған инкубатор-фильмдер. Керек десеңіз, мұндай теріс имидж тудыратын фильмдер ақыл-есі түзі жұрттың ашуын туғызуда. Ең қиыны – қатаң сүзгінің жоқтығынан қазақтың көркем де шұрайлы тілі күйреп жатыр. Экран мен эфирде көшенің тілі үстемдік ала бастады. Сонымен қатар, дәстүріңді дәлдүріш қып, теріс діни ағымдардың насихатын күйттеп жүрген таспалар да жоқ емес", – деп атап өтті ол.
Былтыр отандық 90 фильм прокатқа шығыпты.
"Соның 56-сы – комедия. Күлдіреміз деп бүлдіріп жатырмыз. Жалпы, қазір күлетін кезең бе?.. Картиналар жыл сайын 30 фильмге толыққан. Кассадан түскен түсімдер де аз емес. 6 фильм миллиард теңгеден астам касса жинаған. Бірақ көпшілігінің сапасы сын көтермейді. Көбі тарихи, экшн, комедиялық, авторлық фильмдер. Ұлттық кинолардың қатыр тым аз. Ұлттық статистика бюросы 2024 жылы қазақстандықтар 17 млн 47 мың 524 рет киноға барса, соның үштен бірі алты миллионға жуығы отандық фильмдерді тамашалаған. Әлеуметтік сауалнама бойынша ұлттық киноны көргісі келетіндердің қатары артқан. Кино өндірісіне нарықтық сипат береміз деп жалаңаштап алған жағдайлар да аз емес", – деді мәжілісмен.
Депутат мемлекет бойынша түсірілетін фильмдердің идеологиялық, тілдік, ұлттық ұстанымын реттеу тетігін қарастыратын арнайы көркемдік-сараптамалық кеңес құруды ұсынып отыр. Сонымен қатар мемлекеттік тілдегі ұлттық фильмдердің үлес салмағына басымдық беріп, фильмдерде мемлекеттік тілдің нормаларын бұзуды қатаң қадағалау қажеттігін де баса айтты. Халықты арнайы ұлттық киноларды көрсететін кинотеатрлармен қамтамасыз ету де ұсынылды.