Бұл туралы Сенатта өткен Үкімет сағатында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Министр келтірген деректерге сәйкес, соңғы 5 жыл ішінде жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі тұрақты өсуі байқалып отыр.
"2019-2023 жылдар аралығында отандық шағын және орта кәсіпкерліктің экономикаға қатысуы 31,7 пайыздан 36,4 пайызға дейін 7,4 пайыздық тармаққа өсті. Биыл жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 24 пайызға артып, 4,2 млн адамға жетті. Биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша тіркелген ШОБ субъектілерінің жалпы саны 2,2 млн-ды құрады. Өкінішке қарай, 99,9 пайызы шағын кәсіпкерлік субъектілері, қалғаны 0,1 пайызы – орта кәсіпкерлік", - деді ведомство басшысы.
Кәсіпкерлік белсенділік деңгейі – 89,7 пайыз. Бұл тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінен жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің үлесін білдіреді, деп жалғастырды ол.
Орта кәсіпкерлік субъектілері арасында белсенділік шағын кәсіпкерлікке қарағанда 6,7 пайыздық тармақ жоғары.
"Елде үш жыл бойы шағын және микробизнеске тексеру жүргізуге мораторий қолданылды. "Таза парақтан реттеу" қағидаты сәтті енгізіліп жатыр. 10 мыңнан астам өзекті емес талаптар анықталып, оның 9 мыңы заңға тәуелді деңгейде алып тасталды. Қалғаны Парламенттегi заң жобасы шеңберінде жыл соңына дейін алып тастауға жатады", - деді Әлібек Қуантыров.
Бұдан бөлек ол тәуекелдерді басқару жүйесі автоматтандырылатынын жеткізді. Бұл келесі жылдың қаңтарынан бастап адамның қатысуынсыз тексерулерді тағайындауға мүмкіндік бермек.
"Осылайша бизнесті жоспарлы тексеру 2 есе және айыппұлдар саны бірнеше есе азаяды", - деп атап өтті министр.
Айта кету керек, осыған дейін елімізде бизнес жүктемені азайтудың 10 тетігі енгізілетінін жазған болатынбыз.