Көлік иелері ақылы жолдар бойынша қарызын белгіленген уақытта төлеуі тиіс

678

"Ашық сағат алаңы" жобасында ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бахтияров 15 желтоқсаннан бастап еліміздегі ақылы жолдарда жаңа абоненттік төлем жүйесі енгізілетінін мәлімдеді. 

Көлік иелері ақылы жолдар бойынша қарызын белгіленген уақытта төлеуі тиіс Фото: aikyn.kz

"Ол бойынша ақылы жолдар екі түрге бөлінеді. Бірінші, жабық жүйе. Яғни "Астана-Щучинск", "Қарағанды- Астана", "Алматы-Қапшағай" тасжолдары бойынша қарызы бар көлік иелері берешегін өтегеннен кейін ғана жүре алады. Екінші ашық жүйе. Ол бойынша көлік иесі ақы төлемеген жағдайда қарызы жинала береді", - деді Жамбыл Бахтияров.

Оның дерегінше, ел азаматтарының ақылы жолдар бойынша  қарызы 5 млрд теңгеден асады. Бұл сома өткен жылдың 23 қарашасынан бастап, биылғы 1 желтоқсан аралығында жиналған.

"Көлік иелері ақылы жолдар бойынша қарызын белгіленген уақытта төлеуі тиіс. Мысалы, көлік иесінің 300 мың теңге қарызы болса, ол берешегін кестеге сай 2 жыл көлемінде төлейді", - деді Жамбыл Бахтияров.

Жалпы елімізде 2,2 мың шақырым ақылы жол бар. Жыл басынан ақылы жолдан 20 млрд теңге табыс түскен. Ал, биылғы жаңа ақылы жолдарды енгізу  жоспары кейінге қалдырылған.

"Себебі тұрғындар абоненттік төлемді алып тастауды сұрап отыр. Сондай-ақ, 2 санаттағы автомобиль жолдарын ақылы етуге келсек, бұл мәселе халықтың оң келісімінен кейін ғана шешіледі. Дегенмен біз ақылы жолдардан бас тарта алмаймыз", - деді Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бахтияров.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу