"Көлсай көлдері" ұлттық паркін дамыту тұжырымдамасы таныстырылды

2128

Концепцияның басты мақсаты – экожүйені сақтап қалу. 

"Көлсай көлдері" ұлттық паркін дамыту тұжырымдамасы таныстырылды

Алматы облысы Саты ауылында қоғам өкілдеріне "Көлсай көлдері" ұлттық паркін дамыту тұжырымдамасы таныстырылды, деп хабарлайды Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.

Осы тұжырымдамаға сәйкес, ұлттық паркте заманауи 3 визит-орталық, кемпингтер, этно-ауылдар мен керуен-сарайлар салу көзделген. Сонымен қатар, туристік маршруттар мен соқпақтарды дамытуға да айырықша көңіл бөлінеді. Паркте күрделі құрылыс жұмыстыры жүргізілмей, тек жеңіл конструкциялар қолданылмақ. 

"Көлсай көлдері" ұлттық мемлекеттік табиғи паркінің Бас директоры Данияр Тұрғанбаев парктегі туризмге арналған инфрақұрылым ошақтары қоршаған ортаға зиян тигізбес үшін негізгі көлдерден алыс болатынын айтты. "Қайыңды, Көлсай көлдеріне бірде-бір нысан жақын салынбайды. Ғимараттардың бәрі төмен орналасып, шатқалдың ішіне кірмейді. Бұл – табиғаттың ерекшелігін ескере отырып жасалған тұжырымдама. Концепцияның басты мақсаты – экожүйені сақтап қалу. Адамдар жаяу немесе велосипедпен серуендеп, табиғатқа зиян тигізбей демалатын жағдай жасауымыз керек. Тағы бір мақсатымыз – елді-мекен тұрғындарын жұмыспен қамту. Тек ірі бизнес өкілдері ғана емес, жергілікті халық та туризмнің пайдасын көруге тиіс", –  деді парк директоры. 

Туризмді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, экотуризм жобалары биылдан бастап нәтижесін бере бастайды. 

"Алдын ала есептер бойынша, туристік маршруттардың саны артып, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындары пайда болады. Қонақ үй қоры кеңейеді әрі шатырлар мен лагерьлерге арналған орын көбірек болады. Ал табыс көлемі жылына 150 млн теңгеге дейін өседі", –  деп сөзін жалғады Данияр Тұрғанбаев.
Айта кетсек, 2019 жылы "Көлсай көлдері" ұлттық паркіне 87 мың турист келіп, 30 млн теңге пайда түскен.  Алдағы уақытта "Көлсай көлдері" ұлттық паркінде экотуризмді дамытудың қоғамдық кеңесін құру жоспарлануда. 

"Даму концепциясын парк жанынан құрылатын Қоғамдық кеңесте талқылауға шығарамыз. Кеңес мәселені жан-жақты қарап, талқылап болған соң әрі қарай заңға сәйкес әрекет етеміз. Нысандар үлкен инвестициялық жобалар аясында жасалады. Дегенмен, ертең бизнес өкілдері өздерінің инвестициялық жобаларымен келген кезде біздің қойып отырған талаптарымызды толық түсінсін деп осы тұжырымданы жасадық", – деп ескертті Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев. 

Жиынға қатысқан туристік қауымдастықтар, ғалымдар, сарапшылар және қоғам қайраткерлері ұлттық паркті аралап, болашақта инфрақұрылым салынатын орындармен танысты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу