Көмірқышқыл газын сіңіруді сату: Қазақстанда алғаш рет климаттық жоба іске асырылады

186

Халықаралық компаниялар климаттық жобаларға қаржылай қолдау көрсетеді әрі экологиялық қауіптердің алдын алуға атсалыса отыра өзінің рейтінгісін көтереді.  

Көмірқышқыл газын сіңіруді сату: Қазақстанда алғаш рет климаттық жоба іске асырылады Фото: atameken.kz

Алматы облысында шетелдік инвестордың қаржыландыруымен 1,5 млн гектар тозған жерге ағаш отырғызылатын болды.

Жобаға мемлекет бюджетінен бір тиын да жұмсалмайды. Тиісті келісімге бүгін Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қабырғасында қол қойылды.  

Бұл жоба атауын бірден түсіне қою қиын. Парниктік газдарды сіңіруді сатып алу туралы "Emission Removal Purchase Agreement (ERPA) келісімі. Бір қарағанда Қазақстан енді парниктік газ шығарындыларын сататын секілді көрінуі мүмкін. Ең қызығы – ендігі жерде шын мәнінде де солай болғалы тұр.

ҰКП Экология және тұрақты даму департаментінің жетекшісі Адина Қайратқызының түсіндіруінше, инвестор (SEFE Marketing&Trading Limited компаниясы) жобаны қаржыландырады. Қазақстандық компания ("SAFC" ЖШС) ағаш егу жұмыстарын атқарады.

Одан кейін халықаралық стандарттарға сай осы аумаққа егілген ағаш белгілі бір уақыт ішінде қанша көмірқышқыл газын сіңіргені есептеледі. Сіңірілген әр тонна CO₂-нің өзіндік құны бар көрінеді. Осыдан кейін инвестор өзі құйған қаржыға егілген орман бір жылда қанша көлемде көмірқышқыл газын сіңіргені жөніндегі мәліметті ерікті арнайы ақпараттық алаңға шығарады. Оны халықаралық алып компаниялар сатып алады.

Шараға Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, "Атамекен" ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов, "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ Басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин, британдық SEFE Marketing&Trading Limited компаниясының активтерді басқару жөніндегі вице-президенті Александр Демидов және қазақстандық "SAFC" ЖШС директоры Юрий Ким қатысты.

Жоба аясында терек, қарағаш және ілеспе тұқымдарды (тораңғы, қайың, ерен ағашы, итмұрын, шырғанақ және басқалары) қоса алғанда 3,3 млн ағаш отырғызу жоспарлануда. Ағаш егу жұмыстары су үнемдеу технологиялары мен қарқынды агротехниканы пайдалана отырып жүзеге асырылатын болады.

Болжам бойынша, ластаушы заттарды шығаруды төмендетудің орташа жылдық мәні гектарына 26 тонна CO₂-ні құрайды. Небәрі 30 жыл ішінде 1,2 млн тонна көмірқышқыл газы жойылады, бұл гектарына 780 тонна CO₂-ға тең.

"Парниктік газдарды бірден-бір жақсы сіңіретін – ағаштар. Одан кейін даланың шөптері, жалпы өсімдік. Осы себепті көмірқышқыл газын сіңіру үшін орман егу – біздің елде мүлде жаңа тақырып. Мынау осындай мақсатта жасалған алғашқы келісімшарт. Біз өткен күзден бастап жасыл желекті отырғызу офсеттік жобалар мәселесі бойынша біраз заңдарға өзгерістер енгізу жұмысын жүргіздік: Орман кодексіне, Экология кодексіне, Жер кодексіне біршама өзгерістер енгіздік. Осы жобаны алсақ, дүниежүзінде ең басты мәселе – жердің жаһандық жылынуы болып тұр. Ол көбіне парниктік газдарға байланысты. Оны тек қолдан орман егу арқылы азайта аламыз. Бұл орман Алматы облысы Қапшағай көлінің қасында Шеңгелді ауылының маңында егіледі. Биыл көктемде 200 мыңдай түп ағаш отырғызылды. Көбіне тал, қарағаш егілді. Себебі жергілікті ағаштардың тамыр жайып кетуі оңай", – деді министр.

Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, агроорман шаруашылығын дамыту экотуризм және жұмыс орындарын ашу тұрғысынан тиімді нәтиже көрсетпек.

"Жобаның құны – 2,5 млрд теңге. Елімізде 287 млн гектар болса, соның тек 5 пайызында ғана ағаш өседі. Осындай жобалар арқылы көмірқышқыл газының шығарындылары азайады. Екінші жағынан болашақта экотуризмді дамытуға септігін тигізеді. Орман ағаштары қартайған соң ағаш өңдеу саласының дамуына да серпін береді", – деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ, ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов бұл жобаның отандық аграршылар үшін қандай маңызы бар екенін атап өтті.

"Мұндай жобаларды іске асыру Қазақстанға тұрақты даму жолында төмен көміртекті көрсеткішті сақтауға, климаттың өзгеруі және жердің тозуымен күресте тиісті мақсаттарға қол жеткізу процесін жеделдетуге мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығында көміртекті офсеттік жобаларды іске асыру үшін де үлкен перспектива бар екенін атап өткім келеді. Қазақстандық аграршылар үшін бұл ESG қағидаттарына сәйкес келудің және органикалық көміртектің жинақталуының арқасында топырақ құнарлылығын қалпына келтірудің тағы бір мүмкіндігі", – деді Баталов.

SEFE вице-президенті Александр Демидов пен "SAFC" ЖШС директоры Юрий Ким әңгімелесу барысында бұл Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірі үшін бірегей жоба екенін атап өтті. Бастама – бизнестің, мемлекеттің және халықаралық әріптестердің тиімді өзара іс-қимылының жарқын үлгісі.

"Бұл жобаны ҚР Президенті мен "Атамекен" ҰКП қолдады. Енді, біз оны іс жүзінде жүзеге асыруға кірісеміз. SEFE және SAFC құзыреттерін біріктіре отырып, біз шетелдік инвестицияларды тарту үшін Қазақстанның кең мүмкіншілігін көрсетеміз", – деп атап өтті "SAFC" ЖШС Бас директоры әрі негізін қалаушы Юрий Ким.

Жоба бойынша серіктес ретінде "SEFE" британдық компаниясы күрделі салымдардан басқа, жобаны әзірлеуді, мониторинг, сондай-ақ маркетингтік қызметтерді ұсынады.

"Жоғары сапалы көміртекті жою жобаларына инвестиция салу Париж келісіміне сәйкес жалпы климаттық мақсатқа жетудің негізгі құрамдас бөлігі болады. Бұл жоба 1 миллион тоннадан астам сіңірілген шығарындылар мен тиісті өтемақы төлемдерін өндіруге жәрдемдеседі", – деді Sefe портфельді басқару жөніндегі атқарушы вице-президенті Александр Демидов.

Айта кетейік, Келісімге қол қойылғаннан кейін ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновпен кездесу өткізіліп, пилоттық орман климаттық жобасын іске асыру бойынша мәселелер талқыланды.

"Ормандардың көбеюі біз үшін өте маңызды. Біз экологиялық жобаларға шетелдік инвестицияларды тарту үшін қолайлы жағдай жасауға тырысамыз. Үкімет экожүйені қалпына келтіруге, көміртегі ізін азайтуға, жасыл экономиканы дамытуға және басқа да негізгі мәселелерге бағытталған жобаларды қолдайды", – деп атап көрсетті Олжас Бектенов.

Бүгінде барлық қажетті рәсімдер пысықталып, алғашқы оффтейк-келісімшартқа қол қойылды. Өткен халықаралық процедуралардың арқасында тәжірибені пайдалана алатын және кластер шеңберінде көміртегі шаруашылығына инвестиция сала алатын басқа қатысушылар үшін жол ашылды.

Көміртекті жобаларды іске асыру – Қазақстан экономикасын әртараптандырудың жаңа кезеңі. Агро-индустриялық аймақтардың жобалары "көміртекті егіншілікті" енгізуді көздейді. Бұл болашақта ауыл шаруашылығы өнімін өндіруден түсетін пайдамен қатар, Қазақстанда парниктік газдар шығарындыларының саудасынан қаражат табуға мүмкіндік болатынын білдіреді.

Естеріңізге сала кетейік, жоба өткен жылы "Атамекен" ҰКП, "SAFC" ЖШС және "SEFE Marketing & Trading" компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін, ҚР Президентінің қатысуымен өткен СОР 28 Дүниежүзілік климаттық саммиті аясында бастау алды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу