Кредиттің бәрін тек мал сатып алуға ғана бере-беруге болмайды – Мақсат Толықбай

Депутаттық сауал Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жолданды. 

Кредиттің бәрін тек мал сатып алуға ғана бере-беруге болмайды – Мақсат Толықбай Фото: Мәжіліс

Мәжілістің жалпы отырысында халық қалаулысы Мақсат Толықбай "Ауыл аманаты" жобасына қатысты түйіткілдерге тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– Білесіздер, біздің партия қолға алған салалық бағдарламаның бірі "Ауыл аманаты" деп аталады. Үш жыл бұрын іске қостық. Жетістік жоқ емес. Бар. Тек 2023 жылы 100 млрд теңге шағын несие берілді. 15000 жаңа жұмыс орны ашылды. Бірақ бағдарламаның орындалуына келгенде айтылып жатқан сын аз емес. Әзірге, ауыл халқының табысын толтыруға арналған елдегі жалғыз жоба – осы болғандықтан одан үміт күтетін ел көп. Бірақ, сол елдің бұл жобаға айтар өкпе-назы да жоқ емес. Неге бұлай? – деп сұрақ қойды ол. 

Оның сөзінше, кәсіптен нәсібін тапқысы келетіндерді әкімдік әуре-сарсаңға салуға дайын тұр. Әрі әлжуаз әлеуметке бюрократия үш-төрт айлап құжат жинатып, табанынан тоздырады. 

– Бұл жобаны қаржыландыру тетігі де қарын ашытады. Негізі жобаның басты мақсаты 7 жылда 350 мың жұмыс орнын ашып, жыл сайын кемінде 20-25 мың тұрғынға микронесие берілу керек. Бірақ бюджет тапшылығына байланысты, былтыр жобаға бар болғаны 20 млрд теңге бөлінген. Яғни, елге құжатты жинатып алдық, бірақ беретін ақша жоқ, – деді депуттат. 

Мақсат Толықбай сөз арасында кадр тапшылығына да тоқталды. Әрі "несиені тек мал сатып алуға ғана беруге болмайды" деп есептейді. 

– Жалпы кредиттің бәрін тек мал сатып алуға ғана бере-беруге болмайды. Мал жатқанға емес, баққанға бітеді. Ал оны бағып қағу үшін жайылымдардың жайын айтпағанда, елде әлі күнге дейін көпке үлгі болатын жем-шөп дайындайтын орталықтар жүйесі жоқ. Бұл да – өзекті. 
Сонымен қатар, қазір шалғайдағы ауылға лизингке тракторлар беріле бастады. Жақсы бастама. Бірақ техника ертең сынбай ма? Оған ары қарай қосалқы бөлшектерін қайдан алады ел? Жаппай тракторларға қызметті кім көрсетеді? Техниканың сақталуын кім қамтамасыз етеді? Қысқасы айта берсең басы ашық сұрақтар өте көп, – деп сөзін қорытындылады М.Толықбай. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу