"ҚТЖ – Жүк тасымалы" АҚ-ға қызмет тарифін көтеруге рұқсат берілмеді

1247

Компания 2019 жылғы тарифтерді көтеруден тапқан қаражатты инвестициялық жобаларды іске асыруға және өндірістік қуатты арттыруға бағыттауды жоспарлаған.

"ҚТЖ – Жүк тасымалы" АҚ-ға қызмет тарифін көтеруге рұқсат берілмеді

Қазақстанның Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті "ҚТЖ – Жүк тасымалы" АҚ-ның жүк тасымалдау қызметтері тарифін көтеруіне рұқсат бермеді, деп хабарлайды Интерфакс-Қазақстан.

"Комитет "ҚТЖ – Жүк тасымалы" АҚ хабарламасын қараудың нәтижесінде қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу ережелерінің нормаларына сәйкес 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап темір жол көлігімен жүк тасымалдау қызметтерінің бағасын көтеруден бас тартты", – делінген монополияға қарсы комитеттің хабарламасында.

Осы жылдың ақпан айында "ҚТЖ – Жүк тасымалы" АҚ  ("ҚТЖ" еншілес компаниясы) 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап локомотивтік тартқыш құрамдауыш бөлігінде темір жол көлігімен жүк тасымалдау қызметтерінің 7,7% - ға қымбаттағаны туралы монополияға қарсы комитетке хабарлаған болатын.

Компания 2019 жылғы тарифтерді көтеруден тапқан қаражатты инвестициялық жобаларды іске асыруға және өндірістік қуатты арттыруға бағыттауды жоспарлады. Жүк тасымалына қызмет көрсету құнының өсуін анықтайтын факторлар ретінде дизель отынының және локомотивтерге сервистік қызмет көрсетудің  шығындарының өсуі, сондай-ақ жалақының көтерілуі аталған болатын.

2018 жылы "ҚТЖ – Жүк тасымалы" АҚ республикалық және халықаралық қатынастарда темір жол көлігімен жүк тасымалдау тарифтерін 4,9% - ға ұлғайтты.

"Қазақстан темір жолы" – көліктік-логистикалық компания, "Самұрық-Қазына" ҰҚ құрамына кіреді. Компанияның басқаруында темір жол, теңіз порты, әуежай инфрақұрылымы және көлік-логистикалық орталықтар бар.

"ҚТЖ - Жүк тасымалы" Қазақстанның темір жол желісі бойынша клиенттерге қызмет көрсетуді жүзеге асыратын жол бөлімшелері мен локомотив деполарынан құрылған филиалдық желіні біріктіреді. Компания жүк тасымалдау бойынша қызметтердің толық кешенін ұсынады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу