Су электр станциясының құрылысы кемі 10 жылға созылады деп жоспарланған, деп жазады inbusiness.kz сайты Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.
Қытай Үкіметі осылайша Ярлун-Цаңпо өзенінің төменгі ағысына су электр станциясын салу жобасын бекітті.
Су, жел және күн энергиясын біріктірген таза энергия базасын құру Қытай үшін жасыл және төмен көміртекті дамуға көшуді жеделдететін қадам саналады.
Сингапурлық "Lianhe Zaobao" басылымы әлемдегі ең ірі бөген тұрғызуға бағытталған осы жоба Қытай мен Үндістан арасындағы шекаралық даудың жаңа кезеңіне жол бастайтынын айтады.
– Су электр станциясының құрылысы кемінде 10 жылға созылады деп күтілуде, жалпы инвестиция көлемі 10 триллион юаньнан (шамамен 700 трлн теңге) асуы мүмкін. Жобаның шығын көлемі 254,2 миллиард юаньға салынған. Үш қысаң бөгетінің құнынан әлдеқайда жоғары, ол әлемдегі ең қымбат инфрақұрылым жобасы болмақ. Өткен жылы Қытайдың энергетика құрылымында су энергиясының үлесі шамамен 14%-ды құраған. Алайда жаһандық жылынудың салдарынан құрғақшылық кезеңінің ұзаруы гидроэнергия өндірісінің айтарлықтай қысқаруына себеп болды. Сөйтіп, Сычуань және Юньнань сияқты су ресурстарына бай провинциялардың өзінде электр тапшылығын туындады. Қазірге дейін Қытай Ярлун-Цаңпо өзенінің бойынан шамамен 12 шағын және орта су электр станциясын салып үлгерді, – деп жазады "Lianhe Zaobao" басылымы.
Сингапурлық басылымның жазуынша, Ярлун-Цаңпо – Үндістан мен Бангладеш үшін айрықша маңызы бар тұщы су көзі. Дария Қытай шекарасынан шығып, Үндістанның Аруначал-Прадеш штаты және Бангладеш арқылы теңізге құяды. Қытай Аруначал-Прадеш жерін Оңтүстік Тибет аймағының бір бөлігі деп есептейді.
Ал Үндістан мен Бангладеш аталмыш жоба өзеннің ағысы мен арнасына кері әсер етіп, аймақтағы су тапшылығын үдете түсуі ықтимал деп алаңдайды. Басылым бұл жоба Бейжіңнің саяси шиеленіс кезінде қарсыласына қысым көрсету құралына айнатынын, енді тоқтаған қытай-үнді шекаралық жанжалының қайта жандануына ықпал ететінін жазған.
Өз кезегінде Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мао Нин Ярлун-Цаңпо өзенінің төменгі ағысына салынатын су электр станциясының жобасы ондаған жылдарға жалғасқан тыңғылықты зерттеулердің нәтижесінде әзірленгенін жеткізген. Оның сөзінше, жобада инженерлік қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау барлық талапқа сай, жоба өзеннің төменгі алабындағы елдерге өз зиянын әкелмейді.
– Қытай тиісті елдермен ақпараттық ауыс-түйісті жалғастырады, сондай-ақ Ярлун-Цаңпо алабындағы тұрғындардың игілігі үшін апаттың алдын алу және оның салдарын азайту бағытындағы ынтымақтастықты нығайтады, – дейді Мао Нин.