Қытайдың оңтүстік-шығысындағы Сычуань провинциясында толассыз жаңбыр салдарынан көшкін жүрді. Ресми дерек бойынша, кемінде 9 адам ажал құшып, 35-і із-түзсіз жоғалып кеткен. Апаттан әсіресе Цзючжайгоу және Вэньчуань уездері зардап шеккен.
Бұған дейін апатты аймақта 34 мың адамның орналасқаны жарияланған еді. Жергілікті билік 13 мың тұрғынды қауіпсіз жерге көшірген.
Ресми дерек бойынша, көшкіннен келген шығын жүздеген миллион долларға жеткен. Толассыз жауын салдарынан елдімекендер арасындағы көлік қозғалысы тоқтап қалған. Қазір оқиға орнында мамандар жұмыс істеп жатыр. Полицейлер мен құтқарушылар жоғалғандарды іздестіру шараларын жүргізуде.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қытайдың оңтүстігі мен шығысындағы су тасқыны болып, 61 адам көз жұмған болатын. Қауіпті аймақтан 300 мыңға жуық кісі эвакуацияланған. Табиғаттың тосын мінезінен қала көшелері қирап, бірқатар мекеме жұмысын тоқтатты.
Табиғат Нұрболат