Қызылордада қанша апатты тұрғын үй бар?

Бұған дейін inbusiness.kz тілшісі "Жоғарғы қабаты газбен, төменгі қабаты отпен жылиды". Қызылордалық тұрғын апатты жағдайдағы үйін көрсетті" атты тақырыпта мақала жариялаған болатын.  

Қызылордада қанша апатты тұрғын үй бар? Фото: inbusiness.kz
>Осы орайда, "Қалада қанша авариялық тұрғынжай бар?" деген сауалға жауап іздеп, "Қызылорда қаласының тұрғын үй инспекциясы бөлімі" коммуналдық мемлекеттік мекемесіне сұрау салды. 
 
Облыс орталығындағы Шұғыла мөлтек ауданы №24 үйдің жағдайы көрген адамның көңіліне кірбің ұялатады. Онда іргетастың орнына қаланған қызыл кірпіш езілген, ғимараттың сұрқы әбден қашқан. Жертөледен шыққан жағымсыз иіс халықтың дегбірін қашырғалы қашан? Тұрғындар тиісті органдарға шағымданып жүріп, биыл ғана үйге жаңғырту жұмысын бастауға қол жеткізіпті.
Тұрғындар жаңғырту жұмысының мейлінше тезірек жүруін қалайды. Көпқабатты үй апатты жағдайда болмаса да, асты тола су мен қоқысқа айналғанын, іргетасының сөгіліп тұрғанын айтады. 
 
Осында қоныстанғанымызға екі айдай уақыт болды. Шыны керек, қалада мынадай масасы көп жерді бірінші рет көрдік. Аулада отырудың өзі қиындап кетті. Үйге, көлікке кірген адаммен бірге еніп кетіп, маза бермейді. Әсіресе балаларға өте қиын. Үйдің фундаменті ескіріп кеткен. Құлап қала ма деп, зәреміз ұшып отырады, - дейді сондағы тұрғын. 
 
"Құрылыс Али" ЖШС-ның басшысы Марат Әлімбетов 112 пәтерлі үйдің 80 пайызға жуығы жаңғырту жұмысына келісім бергенін, алдағы уақытта арнайы жиналыс өтетінін айтты.
 
Тұрғын үй саласында 2012 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Бұған дейін Амангелді көшесі №109, Айтеке би көшесі №38, Желтоқсан көшесі №26, Шұғыла мөлтек ауданы №25 үйлерге жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, тұрғындардың алғысына бөлендік. Мына жертөле суға, батпаққа, әртүрлі қоқысқа толып кеткендіктен маса мен тарақан көбейіп кеткен. Сондықтан, бірінші кезекте осының ішін тазалайтын 30-40 адамнан құралған бригадамыз іске кірісіп, дизенфекция жасайды. Кәріз және су құбырларын жаңартып, ауладан жертөлеге көшіреміз. Осының бәрін жылу беру маусымына дейін үлгеруіміз керек, - деді ол.
 
Ал, апатты тұрғын үйдің иелері әрқашан жергілікті әкімдіктен уақытша баспана сұрайды. Десе де, оның да өз заңдылығы, реттілігі бар. 
 
"Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 74-бабының 1-бөлігіне сәйкес, мұқтаждар есебiнде тұратын азаматтарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй, барлық қажеттi құжаттармен бірге өтiнiш берiлген кезден бастап тізімде белгіленген кезек ретімен беріледі. 
 
Жоғарыда аталған баптың 3-тармағына сәйкес, тізімдерге енгізілген азаматтардың құқықтары тең деп танылады. Егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжай немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжай алуға осы тізімдерге енгізілген басқалар алдында, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларын, жетiм балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналарды, көпбалалы отбасыларды қоспағанда, ешкімнің де басым құқығы болмайды.
 
Қызылорда қаласы аумағындағы коммуналдық тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлердің құрылысы аяқталғаннан кейін азаматтарға пәтерлер кезек ретімен пайдалануға берілетіндігі хабарланады, - деп жазады "Ашық Қызылорда" парақшасы бізге берген жауабында. 
 
"Қызылорда қаласының тұрғын үй инспекциясы бөлімі" коммуналдық мемлекеттік мекемесің басшысы Абзал Рысбек соңғы 3 жылда апатты деп танылған үйлердің 4-еуі бұзылып, пәтер иелері толықтай жаңа үйге көшірілгенін айтады. 
 
– Апаттық деп танылған үйлерде тұратын пәтер иелеріне бөлім мамандары ай сайын олардың қаупі мен залалдары жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Біз тұрғындарды соңғы рет сол жағалауға көшірдік. Көшірілген үйлердің құрылыс сапасын қадағалау біздің құзіретімізге жатпайды, - дейді Абзал Рысбекұлы. 
 
Жалпы, Қызылорда қаласында барлығы 994 көпқабатты тұрғын үй болса, оның 51-і апатты жағдайда тұр. Десе де, авариялық тұрғынжай сапына енбеген, бірақ жағдайы нашар тұрғын үйлер де кездеседі.
Қызылорда облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төреәлиев биыл апатты пәтерде күнелтіп отырған 50-ге жуық отбасы жаңа пәтерге көшетінін айтты. 
 
– Биыл апаттық жағдайда деп танылған үйлерге облыстық бюджеттен 900 миллион теңге бөлінді. Жыл соңына дейін мердігер компаниялар арасында конкурс өткізіліп, 45 пәтер сатып алынады. Осы пәтерлер апаттық жағдайда тұрып жатқан тұрғындарға беріледі, - деді ол.
Сонымен, жыл аяғына дейін облыс орталығындағы 51 апатты үй тұрғынының біразы қоныстойын тойлайды. Десе де, мұнымен авариялық жағдайдағы тұрғынжайлардың мәселесі толық шешілмей тұр. 
Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу