Қызылордада қызылшамен ауырғандар азаймай тұр

Наурыз айында 330-дан аса адам қызылша жұқтырған.  

Қызылордада қызылшамен ауырғандар азаймай тұр Фото: gov.kz

Ұжымдық иммунитет қалыптастырып, вакцина салдырғандар саны 71 мыңнан асып жығылады. Десе де, өңірде алдыңғы айлармен салыстырғанда сәл болсын төмендеу тенденциясы байқалады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Мамандар Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, әрбір бала 12-15 айлығында және 6 жасында қызылша, қызамық пен паротитке қарсы вакцина алуы қажет екенін айтады.

"Облыста қызылшаның төмендеу тенденциясы бар. Оны ауруға қарсы жаппай иммундаудың тиімділігі деп есептейміз. 2023 жылдың 6 қарашасынан бастап нақты жұмыстар жүргізілді. Осы күні 71233 адам вирусқа қарсы вакцина салдырып, ұжымдық иммунитет қалыптасты. Эпидахуалды тұрақтандырып, вирус айналымын азайту үшін қалған контингент те екпе алғаны жөн. Облыстағы барлық емханада қызылшаға қарсы қосымша иммундау жұмысы жүргізілуде. Екпе қоры жеткілікті, вакцинадан кейінгі асқыну жағдайы тіркелмеді", - деді

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары.
Жалпы, өңірде қызылшаның эпидахуалы жақсарып келеді. Мысалы, қаңтар айында 366 вирус жұқтырса, ақпанда – 347, наурызда 331 адамнан анықталып отыр. 

"Қызылша мен қызамық – бір-біріне өте ұқсас жұқпалы ауру. Екеуінің қоздырғышы – вирус, ауа арқылы таралады, екеуіне тән белгі –денеде бөртпелердің шығуы. Сондай-ақ, дене қызуы көтеріліп, жөтел пайда болып, көз жасаурап, мұрын бітеледі. Бұл жағдай 2-3 күнге дейін созылып, одан соң денеде бөртпелер пайда болады. Алғашында бет аймағында, құлақ артында шығып, содан соң денеге тарайды. Туа біткен қызамық ауруына шалдыққан нәресте де өте қауіпті болып саналады, себебі ол 1,5 жасқа дейін вирусты қоршаған ортаға бөледі", - дейді Қызылорда бөлімшелік көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Алима Абдушукурова.

Тағы бір айта кетерлігі, жүкті әйелдер вирусты жұқтырғаннан кейін қан арқылы нәрестеге беріледі, салдарынан әйелдерде түсік тастау, өлі бала туу сияқты асқынулар болуы мүмкін. Сондықтан, қызылшаға жеңіл-желпі қарамау керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу