Лондонның Жоғарғы соты "Қазақстан қағазы" АҚ-ның шағымын негізді деп тапты

878

Лондонның Жоғарғы соты "Қазақстан қағазы" АҚ-ның шағымын негізді деп тапты

2017 жылдың 22 желтоқсанында Лондонның Жоғарғы соты  "Қазақстан қағазы" АҚ-ның бұрынғы акционерлеріне қарсы шағымын қанағаттандыру туралы шешім қабылдады. Бұл шешім жүзеге асса,  компанияның "БЖЗҚ" АҚ-ның салымшыларының алдындағы борышын өтеуіне мүмкіндік туады. Берешектің номиналды құны 12,5 млрд теңгені құрайды, деп хабарлайды БЖЗҚ-ның баспасөз қызметі.
2016 жылдың қыркүйегі мен 2017 жылдың қараша айының аралығындағы оңалту кезеңінде эмитенттің қор алдында өтеген борышы 358 млнтеңгені құрады.
2013 жылдың тамыз айында эмитенттің сол кездегі басшылығы Лондонның Жоғарғы сотына компанияның бұрынғы акционерлері Мақсат Әріп, Бағлан Жүніс, Шынар Диханбаеваға қатысты қаржыларды жымқырды деп шағым түсіру туралы шешім қабылдаған болатын.  
Қазіргі таңда "Forte bank" АҚ-ның шағымы бойынша эмитентке қатысты оңалту шараларын тоқтатып, банкроттық шарасын бастау туралы іс қаралып жатыр. Қор қаржыны қайтарудың оңтайлы жолы оңалту шарасын  жалғастыру деп санайды. Сондықтан өз тарапымыздан соттың бұл шешімін бұзу туралы  шағым түсірдік.
"Қазақстан қағазы" АҚ-ның бұрынғы акционерлерге қатысты талап-шағымның жалпы сомасы 260 млн АҚШ долларын құрады. Сот Мақсат Әріптің 95 млн АҚШ доллары көлеміндегі активтеріне және оның 17 млн АҚШ долларына бағаланған тұрғын үй ғимаратына  халықаралық бұғаттауды жүзеге асырды. Екінші бұрынғы акционер Бағлан Жүніспен 3 млн АҚШ долларына бейбіт келісім жасалды.
4 жылдық сот дауының нәтижесінде Лондонның Жоғарғы соты "Қазақстан қағазы" АҚ мен кредиторлар тобының  шағымдарын негізді деп тапты. "Қазақстан қағазы" АҚ-ның пайдасына шешілген қаржының нақты сомасы ағылшын құқына сәйкес, яғни соттың қосалқы тыңдауларының барысында белгілі болады. Сот 2018 жылға белгіленген. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу