Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2016–2019 жылдарға арналған "Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасының осы жылдың І жарты жылдығындағы іске асырылу барысы туралы баяндады, деп хабарлайды primeminister.kz.
Елжан Біртанов атап өткендей, мемлекеттік бағдарлама жеті бағыт бойынша іске асырылып жатыр.
Салауатты өмір салтын ілгерілету аясында бұқаралық шаралар белсене өткізіліп жатыр, осы жылдың 6 айының ішінде оған 6 млн астам адам қатысқан. Биыл халықты скринингпен қамту 1,5 млн астам адамды немесе жоспарланған көлемнен 91% құрады. Халықты иммундау 95,2% жетті.
"Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті басымдықты дамыту аясында амбулаторлық-емханалық желіні шағындап ұйымдастыру жүргізіліп жатыр. Мәселен, есепті кезеңде дәрігерлік учаскелер саны 12% артты, учаскелік дәрігерлер жүктемесі төмендеп, бекітілген тұрғындар саны 1950 құрады. Нәтижесінде АМСК жүгінулер саны 23% артты", — деді Елжан Біртанов.
Бұдан өзге, мемлекеттік бағдарлама аясында жедел жәрдем қызметінің жұмысын реформалау жүргізіліп жатыр. Мәселен, шұғыл емес шақыртулар емханаларға берілді, персоналды халықаралық стандарттарға кезең-кезеңмен оқыту жүргізіліп жатыр, еліміздің тоғыз аймағында Бірыңғай диспетчерлік қызмет құрылды.
Биыл алты айдың нәтижелері бойынша орташа жету уақыты 7 минутқа қысқарды, сәтті реанимациялау көрсеткіші 14% артты, ауруханаға жатқызуға дейін өлім-жітім азайды.
Мемлекеттік бағдарламаның медициналық қызметтер сапасын қамтамасыз ету бойынша шаралары аясында Онкологиялық аурулармен күресудің кешенді жоспары бекітілді, Туберкулезбен күресудің кешенді жоспары өзектілендірілді, 20 жол картасы іске асырылып жатыр. Мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен қолайлылығын оларды электронды форматта және мобильді қосымшалар арқылы көрсету арқылы арттыру бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.
Дәрі-дәрмектермен қамтылған амбулаторлық пациенттер саны 5% артты. Амбулаторлық–дәрі-дәрмектік қамтамасыз етуді қаржыландыру өңірлердің 31 млрд теңге көлеміндегі қосымша өтінім науқанының қорытындылары бойынша 27% артты.
Елжан Біртанов осы жылдың тамыз айының соңына дейін емханаларда электронды құжаттар айналымын енгізуді аяқтаудың аса маңыздылығын атап өтті.
"Осылайша, біз еліміздегі әрбір пациент үшін жеке-жеке дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің ашықтығын қамтамасыз етеміз. Бұл сонымен қатар, әрбір пациентпен кері байланыс орнатуға мүмкіндік береді", — деді министр Елжан Біртанов.
Өз баяндамасын жалғастырған Елжан Біртанов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды (МӘМС) енгізуге дайындық аясында кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемінің (КТМКК) және МӘМС жаңа моделін қарастыратын заң жобасы әзірленгенін мәлім етті.