Ірі компаниялар көлік отынын талонмен ғана беруде. Дизелдің жетіспеушілігінен коммуналдық мекемелер, жолаушылар мен жүк тасымалы компаниялары қиындыққа ұшырауда.
Ақтауда тек бір ғана бекетте саудаланған дизелдің литрі 240 пен 300 теңге аралығында құбылып тұр. Дизельдің тапшылығынан қоқыс таситын мекемелер бүгіннен бастап ірі көлемдегі қалдықтарды шығаруды уақытша тоқтатты. Ауыр жүк көліктердің жүргізушілері де тығырыққа тірелді. Жағдай осылай жалғаса берсе, табыссыз қаламыз, әсіресе тамақ пен түрлі тауарлар құны күрт өсуі мүмкін деп алаңдаулы.
"Бірер күн бұрын дизелдің литрін 210 теңгеден алдым. Ал бүгін ешқандай жерде отын жоқ. Мысалы, мен үнемі сатып алатын бекетте 199 теңгеден болған, одан кейін 206 теңге болып кетті. Әр ай сайын дизель қымбаттайды. Жағдай қиындап барады", – дейді көлік жүргізушісі Бекбаулы Сүйінов. Ал шаһар тұрғыны Олжас Әшіров болса, дизельдің жағдайы қиын болып жатыр. Енді жағдай тезірек реттелсе дұрыс болар еді. Бекеттен қалаған уақытыңда сұйық отынды құйып кетсең жақсы ғой. 240-тан әрең тауып жүр едік. Ол да жоқ, – деп түсіндірді.
Маңғыстау облысына ай сайын 10 мың тонна дизель қажет. Қыркүйек айында бұл мөлшердің тек 4/1-і, яғни 2500 тонна жеткен. Сұйық отынның қоры да аз қалды.
Маңғыстау облысы энергетика және ТҮКШ басқармасының бас маманы Жасұлан Бекболат: "Дизель отыны нарығында Маңғыстау облысы бойынша 600 тонна қор бар. Орта есеппен 4 күнге жетеді. Басты бағыт – ауыл шаруашылығына, қала, аудан аралық автобустар, қоқыс таситын мекемелерді қамтып отырмыз", – деді.
Дизель өңірге Атырау мұнай өңдеу зауытынан тасымалданады. Республика бойынша тәулігіне 5 мың тонна жөнелтіледі екен. Оның 2 мың тоннасы ауыл шаруашылығына, тағы осындай көлем темір жол саласына, бір мың тонна барлық өңірлерге бөлінеді. Сұйық отын көлемі қашан артады, түйіткілді мәселе қалай шешілетінін мамандар нақты айта алмады.
Алмас Қылыш