Жедел жәрдем стансасында барлығы 130 адам жұмыс істейді.
Жұмыстан шығып кеткен жедел жәрдем қызметкерлері Жаңаөзен қалалық әкімдігі диалогке тек фельдшерлерді шақырғанын, ал олар наразылықта тұрған көлік жүргізушілерсіз келіссөзге бармайтынын айтқан.
"Жұмыстан сот шешімімен шыққан 11 адамның ішінде мүгедек анасын бағып отырған, үйінде өзінен басқа адам жұмыс істемейтіндер де бар. 4 фельдшер әйелді жұмысқа қайта алуды талап еттік. Бірақ жедел жәрдем стансасы бастығы "табылмайтын маман емессіңдер" деді. Біз "өз еркімен жұмыстан кетуге" арыз бердік",- дейді Жаңаөзен қалалық жедел жәрдем стансасының жүргізушісі Мұрат Белбаев.
"Жаңаөзен жедел жәрдем станциясының қызметкерлері өтініш берген, бірақ құжатқа әлі қол қойылмады. Арызданушылар жедел жәрдем қызметкерлері болғанына қарамастан әлі күнге жұмысқа шықпады. Олар айына 120 мың теңге жалақыға 90 мың теңге көлемінде қосымша ақы алады. Егер осы салада жұмыс істегісі келмесе, адамдардың тағдырымен ойнамаған дұрыс", – дейді Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыров.
Айта кетейік, Маңғыстаудағы жедел жәрдем стансасы қызметкерлерінің наразылығы 9 қыркүйекте басталған. Жаңаөзен жедел жәрдем стансасы қызметкерлерінің талабынан кейін Мұнайлы, Түпқараған ауданы мен Ақтау қаласы жедел жәрдем қызметкерлері де жұмысын тоқтатып, жалақыға қосылатын 40 мың теңге үстеме ақыны тоқтатпауды талап етті.
Жұмыс берушілер наразылыққа шыққандарды сотқа беріп, оның шешімімен Жаңаөзенде - 11, Мұнайлы ауданында - 8 адам жұмыстан шығарылған. Ал Бейнеу мен Ақтау қаласы жедел жәрдем қызметкерлері сот ереуілдерді заңсыз деп таныған соң, жұмыс орындарына қайта оралған.
Тасым Жаңай