Әкімшілік құқық бұзған 4 адам анықталды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
"Рейд шаралары 2023 жылдың 3 қаңтарына дейін жалғасады. Базарлар, дүкендер, көтерме қоймалар тексеруден өтеді. Жаңа жылға арналған атрибуттар көбіне осы жерлерде сатылады. Біз сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдарды сату фактілерін анықтаймыз. Кәсіпкерлердің пиротехникалық өнімдерді қалай сатып алатынын, тасымалдайтынын және сақтайтынын тексереміз. Бір тәулікте 4 әкімшілік құқық бұзушылықты таптық. Негізінен олар қандай да бір рұқсат құжаттарсыз өнімді сатумен айналысқандар", - дейді Ақтау полиция басқармасының азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау тобының аға инспекторы Берік Жауылбаев.
Пиротехникалық бұйымдар заңнамаға сәйкес автомобиль және темір жол көлігімен тасымалдануы тиіс. Кәмелетке толмаған балаларға аталған бұйымдарды мектеп қабырғасында пайдалануға тыйым салынған. Бұзушылықтар болған жағдайда балалардың ата-аналарына әкімшілік хаттамалар жасалады.
"Қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау керек. Ғимаратқа 50 метр қашықтыққа шырша құруға болады. Шыршаларды орнату кезінде пиротехниканы қолдануды шектеу қажет. Абайсыздық немесе қателіктердің алдын алуымыз керек. Мысалы, 2013 жылдың 1 қаңтарында Ақтау қаласының "Астана" алаңында жаңа жылдық шырша өртенген еді. Мұндай жағдай 2020 жылдың 1 қаңтарында Мұнайлы ауданының Маңғыстау ауылында болды. Онда орталық алаңдағы биіктігі 17 метрлік жасанды шырша өртенді",- дейді Маңғыстау облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Азамат Сейталин.
Шыршаларға қуат күшін төмендететін трансформатор пайдаланған жөн. Өйткені шыршаға тек 12 вольтқа дейінгі шамдарды тізбектей қосу арқылы қолданылады екен. Қазіргі уақытта 400-ден астам үгіт-насихат материалдары, 300-ден астам брошюралар, 161 нұсқаулық таратылып, 4 билборд орнатылды. Қалада жаңа жылдық іс-шараларда өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша бейнероликтер тәулік бойы көрсетіліп жатыр.