Маңғыстаулық шаруалар бір реттік көмекті қалай алады?

679

Маңғыстау облысына Үкіметтен жануарлардың аналық басы үшін азыққа қажет шығындарды ішінара өтеуге 1,9 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлінген болатын. Бұл бір реттік көмек шаруаларға толық берілген жоқ. Себебін Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Маңғыстаулық шаруалар бір реттік көмекті қалай алады?

Ресми ақпарға сәйкес, қазір бөлінген қаражат бойынша 6 776 жеке қосалқы үй шаруа қожалықтарына – 813 млн теңге, ал 733 шаруа қожалығына 435 млн теңге берілген.

"Бұл – Ауылшаруашылығы министрлігінің базасына тіркелген малға берілген қаражат. Ал тіркелмегендерді тіркеу үшін "Жасыл дәліз 2" деген бағдарлама аштық. Сол арқылы тіркейтін болса, қалған 700 млн теңгені беруге дайынбыз", –  деді Ноғаев.

Әкім ұсынған ақпарға сенетін болсақ, облыс бойынша қыс мезгілінен өту үшін – 77 мың тонна шөп және 53 мың тонна жем қажет. Жыл басынан бастап бүгінгі күнге дейін тасымалданып дайындалған шөптің мөлшері – 70 мың тонна, ал жем – 41 мың тонна. 

"Өңірде қалыптасқан ауа-райының қолайсыздығына байланысты төрт түлікті жем-шөппен қамту мәселесі туындады. Осы орайда, өзге облыстардан көмек ретінде келген 3 800 тонна шөп және 200 тонна жем облыстың шаруа қожалықтарына тегін таратылды. Жергілікті бюджеттен 2,1 млрд теңге жем-шөптің мәселесін шешуге бағытталды. Бүгінге 14 900 тонна шөп және 9 900 тонна жем сатып алу жұмыстары жүргізілуде", – дейді Ноғаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу