Бұл туралы Ұлттық банкте өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі – цифрлық трансформация басқармасының басшысы Бинұр Жәленов мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Ұлттық банк банктер туралы жаңа заң аясында барлық банктерді осы экожүйеге міндетті түрде қосуды көздейтін заңнамалық түзетулер енгізуге бастамашы болды. Яғни, келесі жылдың басынан бастап Қазақстанның әрбір банкі жүйеге қатысып, төлемдерді қабылдау мен аударымдарды жіберуге міндетті болады деп күтеміз", - деді ол.
Оның айтуынша, екінші деңгейлі банктердің қатысуымен бірыңғай QR арқылы банкаралық төлемдерді іске қосуды 2025 жылдың тамызына жоспарлап отыр.
Жәленовтың айтуынша, алғаш болып осы маусымда қазақстандықтар 5 банк, оның ішінде Halyk Bank және Freedom Bank арасында ұялы телефон нөмірі арқылы ақша аударымдарын жасай алады.
Айта кетейік, былтыр қарашада Ұлттық банк телефон нөмірі бойынша банкаралық аударымдар қызметін әзірлеп, пилоттық жобаны іске қосты. Бүгінде банктер кезең-кезеңімен қосылуда. Жүйелік оператор Ұлттық төлем корпорациясы 9 банкпен келісім жасасқан. Олар: Halyk Bank, ЦентрКредит Банкі, Freedom Bank, RBK, Altyn Bank, Bereke Bank, ForteBank, Home Credit Bank және Нұрбанк.
"Маусым айында телефон нөмірі бойынша банкаралық аударымдар алғашқы бес банктің клиенттері үшін қолжетімді болады деп күтудеміз. Бұл бес банктің тізіміне Halyk Bank, Freedom Bank, RBK, Altyn Bank және Home Credit Bank бар. Сонымен қатар, жүйеге барлық банктер кезең-кезеңімен қосылатын болады", - деді Б.Жәленов.
Ұлттық банк басшысының кеңесшісі жыл соңына дейін банкаралық QR төлемдерін енгізу жоспарын да жария етті. Банктер туралы жаңа заң бойынша барлық банктер осы жүйеге қосылуға міндетті болады.
"Яғни, келесі жылдың басынан бастап Қазақстанның әрбір банкі жүйеге қатысып, төлемдерді қабылдауға және аударымдарды жіберуге міндетті болады", - деді Жәленов.
Жаңа қызмет қазақстандықтарға телефон нөмірі арқылы кез келген банктен кез келген банкке ақша аударуға мүмкіндік береді. Ал бірыңғай QR қазақстандықтарға сатып алу ақысын нақты бір ғана емес, кез келген банктік қосымшаның көмегімен QR сканерлеу арқылы төлеуге мүмкіндік береді.
Технологияны әзірлеуге бірнеше жыл қажет болды. Ал, оны жүзеге асыру техникалық күрделілігіне байланысты бірнеше рет кейінге шегерілген.