Мәжіліс депутаттары Экологиялық кодекс жобасын талқылады

732

Экологиялық кодекстің жаңа редакциясы бойынша талқылау одан әрі депутат М.Махамбетов жетекшілік ететін жұмыс тобында жалғасады.  

Мәжіліс депутаттары Экологиялық кодекс жобасын талқылады

Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті "Жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар халықаралық орталығында" кеңейтілген отырыс өткізді, деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметі.

Экологиялық кодекс жобасы шеңберінде экологиялық қатынастарды реттеудегі жаңа тәсілдер қаралды.

Бейнеконференция форматында өткен шараға Мәжіліс депутаттары, бейінді министрліктердің, ірі кәсіпорындардың, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Глеб Щегельский тақырыптық отырыс Мемлекет басшысының "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" атты Жолдауындағы тапсырмасын іске асыру мақсатында өтіп жатқандығын алға тарта келіп, жұмыс барысында негізгі заң жобасына 1500-ге жуық, ал ілеспе жобаға 350-ден астам түзету енгізілгенін айтты.

Сонымен қатар, депутаттар алдында баяндама жасаған Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов Экологиялық кодекс жобасын әзірлеу жұмысына жұртшылық пен бизнес-қоғамдастық өкілдері белсенді қатысқанын, сондай-ақ Мәжілістегі жұмыс тобындағы талқылау кезінде бірқатар мәселелер көтерілгенін атап өтті.

Олар:

- ең жақсы қолжетімді технологиялар мен экономикалық ынталандыру шараларын енгізу. Экологиялық кодекстің жобасы 2025 жылдан бастап бірінші санаттағы жаңа ірі кәсіпорындарды ең жақсы технологияларды қолдана отырып, кешенді экологиялық рұқсаттарға көшуді қарастырады. Қолданыстағы кәсіпорындар үшін мұндай көшуді 2021 жылдан бастап ерікті түрде жүзеге асыру ұсынылады. Бұл талапты орындаған кәсіпорындар эмиссиялық төлемдерден босатылады, кері жағдайда тарифтер көтеріледі;

- автоматтандырылған шығарындыларды бақылау жүйесін енгізу. Бұл новелла шығарындылар индикаторларының онлайн-мониторингін өткізуге, бұзушылықтарға жедел жауап беруге, халықты сенімді және уақтылы ақпаратпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді;

- экологиялық бақылауды жетілдіру (бірнеше рет бұзушылықтар үшін жауапкершілікті арттыру, айыппұлдарды қатайту). Заң жобасының жаңа редакциясында қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерін бұзғаны үшін әкімшілік айыппұл 10 есеге, ал бірнеше рет бұзылған жағдайда 20 есеге көбейтілді. Өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқару жөніндегі талаптарды бұзғаны үшін санкцияларды қатаңдату қарастырылған. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту мерзімі бұзушылық жасалған күннен бастап 1 жылдан 3 жылға дейін артуы мүмкін;

- жаңа Экологиялық кодекс ҚОӘБ (Қоршаған ортаға әсерді бағалау) рәсімінен өту туралы талапты тек 1-ші санаттағы кәсіпорындарға қатысты қолдануға ұсынады. 2-ші санаттағы объектілер үшін ҚОӘБ міндеттемесі скрининг нәтижелері бойынша анықталады. 3-ші санаттағы объектілер хабарлама сипатына көшірілсе, ал 4-ші санат рұқсат алудан толығымен босатылады;

- өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқаруды жетілдіру. Осыған байланысты жаңа Экологиялық кодекс қауіпті қалдықтар қызметін лицензиялауды қарастырады. Бұл қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, өңдеуге және жоюға қатысатын мамандандырылған кәсіпорындардың тізілімін жүргізуге мүмкіндік береді.

Осы мәселелерді талқылау барысында Мәжіліс депутаттары Г.Баймаханова, Ш.Өтемісов, Қ.Қаракен, И.Унжакова баяндамашыға сұрақтар қойып, пікірлерін білдірді.

Сондай-ақ Қазақстанның Экологиялық ұйымдары қауымдастығының төрағасы А.Соловьева, "Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы" КЕАҚ Басқарма төрайымы Ж.Қазжанова, "Қазхром "Трансұлттық компаниясы" АҚ Бас директоры А.Есенжулов, "Қазмырыш" ЖШС атқарушы директоры Н.Қуанышев, "Қазақстан коммуналдық жүйелері" ЖШС Бас директорының техникалық мәселелер жөніндегі орынбасары В.Усенко, "ЭКОМ" Қоғамдық бірлестігінің төрағасы С.Могилюк сөз сөйледі.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу