Медицинадағы заңсыз тасымал тыйылмай тұр

330

Қазақстанда медицина саласындағы контрабанда тыйылмай тұр.

Медицинадағы заңсыз тасымал тыйылмай тұр Фото: mytyshi.ru

Медициналық шағын аппараттар сатумен айналысатын кәсіпкерлер шаш етектен шығынға батқан. Айтуларынша, заңсыз жолмен келетін тауарлар нарықтың 10 пайызын жаулап алған, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

2018 жылдан бері контрафакт тауарлардың айналымынан ел экономикасына 30 млрд теңге шығын келген. Бұл сома жыл сайын кем дегенде 10 пайызға артады екен. Оның ішінде қанша медициналық аппарат барын ешкім нақты есептеп санай алмайды да. Өйткені Озон, Вайлберис, Сату және Каспий сияқты тағы басқа сауда платформаларында мемлекеттік реестрде тіркелмеген заңсыз тауар өріп жүр. Оны бақылап, тіпті, сатқандарды жауапкершілікке тартып жатқан мемлекеттік органдар жоқ.

"Халық қазір бағасына қарайды неге, бағасына қарағанда арзанын алады. Сосын өкінеді. Өйткені сол затқа жауап беретін фирма болуы тиіс. Ал ондай жоқ кім жауап береді. Сервисті кім жасайды", - дейді "Атамекен" ҰКП Астана қаласы бойынша өңірлік кеңес мүшесі Самат Исабаев.

Осылайша, сауда платформаларынан алынған арзан құрылғылар аз уақытта жарамсыз боп қалады. Алайда мамандар бұл мәселенің ең қиыны емес, дейді.

Айтуларынша, мұндай заңсыз тасымалмен келген аппараттардың адам денсаулығына қате диагноз қоюынан бөлек өзге де зияны бар екен.

"Оның мысалы қандай материалдан жасалғанын денсаулыққа зияны бар ма жоқ па, пластмас бұйымдардан жасалған болса оған ешкім мән бермейді. Бояуларға аммиак қосылуы мүмкін", - дейді "Тест Медикал" ЖШС фармацевтикалық компаниясының заңгері Асылбек Кеңесов.

Кез келген тауар Қазақстан аумағына кірер кезде тіркеуден өтеді. Кейін елге жеткен соң сәйкестендіру процедурасы тағы бар. Заңды жолмен келген құрылғылардың барлығы бір тізімге енгізілген. Сондықтан тауарды сауда платформаларынан алмай тұрып "Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының" сайтына кіріп, тексеріп шығуға болады. Егер құрылғы контрафакті болса, тізімнен атауын таппайсыз. 

"Тауардың шығу тегін анықтау керек. Бірінші ол декларация бойынша келді ме, СТ.kz бойынша ҚР-да жасап шығарылды ма? Немесе жүктік тасымалдау. Кедендік декларация дейді. Шекарадан кірді ме, қай мемлекеттен кірді, не мақсатта кірді соны анықтау керек. Саңырауқұлақтар секілді белең алып кетті ғой қазір Е коммерц ұйымдар деген", - деді "Қазақстан Заңгерлер одағы" РҚБ Астана қ. филиалының төрағасы Бекнұр Жалғасов.

Бір қызығы, мұндай тауарға тапсырыс берсең 2 күнде жеткізеді. Яғни, медициналық шағын аппараттардың түр-түрі Қазақстанға ертерек және үлкен көлемде әкеліп қойылған. Заңгерлер шекарадан заңсыз тауарды өткізу оңай емес екенін де айтып отыр. Сондықтан нарықтағы мұндай бей-берекетсіздіктің артында мемлекеттік органдардың тісі батпайтын дөкейлер тұр, деп топшылайды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу