Міндетті таңбалау: бизнес "көлеңкеден" шықты

401

Елімізде 3 жылдан бері тауарларды сандық таңбалау қолға алынған.

Міндетті таңбалау: бизнес "көлеңкеден" шықты Фото: gov.kz

Міндетті таңбалауға темекі өнімдері, дәрі-дәрмектер және аяқ киім жатады. Мамандардың айтуынша, бұл әдіс көлеңкелі экономикадан миллиардтаған қаржыны шығаруға септеседі. Таңбалаудың арқасында мемлекеттік бюджет ұлғайып, тұтынушылар сапалы өнімді сатып ала алады.

Қазақстандағы аяқ киімнің тең жартысы түпнұсқа емес. Мұндай өнімдердің шамамен 50 пайызы елге контрафактілік жолмен әкелінген. Шындығында бұл сандар әлдеқайда көп болуы да мүмкін. Дегенмен, елімізде енгізілген аяқ киімді ақпараттық жүйеде таңбалау арқылы тауарды жеткізу мен сату тізбегін көруге болады. Осылайша елдегі аяқ киім өнімдерінің көлеңкелі импорты мен айналымын тоқтата аламыз, дейді мамандар.

"Таңбалау бұл фактілерді анықтауға мүмкіндік береді. Тіпті егер өнім Қазақстан Республикасына контрабанда арқылы кірген болса да, біз оны осы жерден қадағалай аламыз. Бұл деректерді шекарада ғана емес, ел ішінде де анықтауға мүмкіндік береді", - дейді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің бас сарапшысы Нұрдаулет Орынтай.

Ал мамандар Қазақстанда сандық таңбалауды енгізудің нәтижесінде аяқ киімнің ресми импорты 13 миллион жұпқа өскенін айтады. Аяқ киім сататын кәсіпкерлерден түскен салық 2021 жылы 2020-сы жылмен салыстырғанда 55 пайызға артқан. Биыл 8 ай ішінде таңбаланған тауардың көлемі 35 миллионға жуық аяқ киімге жетті. Контрафактімен күресіп жүрген мамандар цифрлық таңбалау қазірдің өзінде көлеңкелі бизнеспен сәтті күресіп жатқанын айтады.

"Контрафакт туралы жаңалықтар дәл цифрлық таңбалаудың арқасында көбейіп жатыр деп топшылаймыз. Ақпараттық жүйеде таңбалау көлеңкелі бизнестің қатысушыларын анықтап береді", - дейді "BMF Research" ЖШС бас директоры Дмитрий Болотов.   

Айта кетейік, басқа өнімдерді цифрлық таңбалаудың да оң әсері бар. Мәселен, былтыр елімізде міндеттілік енгізілгеннен кейін (ГРАФИКА) 582 млрд теңгенің темекі өнімі өндірілген. Бұл көрсеткіш осы кезеңмен салыстырғанда 14 пайызға жоғары. Осының барлығы сомасы 73 миллиард теңгеге жуықтайтын өнімді көлеңкелі айналымнан шығаруға мүмкіндік берді. Осыған ұқсас динамика электронды темекіде де байқалады. Жалпы былтыр мемлекеттік бюджетке темекі өнімдерінен 274 миллиард теңге салық акцизі түссе, 2023 жылдың 9 айында бұл сома 202 миллиард теңгеге жетті.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу